РМК «Қазгидромет»
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ
ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІ
Добавлено: 01 қараша 2019 17:08, Изменено: 01 қараша 2019 17:08

Қараша айында циклондар мен антициклондардың жиі ауысуымен ауа температурасы республика аумағының басым бөлігінде климаттық норма шамасында болады деп күтіледі, тек Азия аудандарынан оңтүстік-батыс ағындарымен Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде 1°С-қа жылы болады деп болжануда.

Атмосфералық фронттардың өтуі тұрақсыз ауа райын тудырады, ол жауын-шашын, желдің күшеюі (солтүстікте боран), тұман және көктайғақ құбылыстарымен қатар жүреді.

Бір ай ішінде әр онкүндікте суытудың 3 толқыны күтілуде.

Бірінші онкүндікте суықтың толқыны бүкіл Қазақстанды қамтиды. Онкүндіктің басында батыста, кезеңнің ортасына қарай солтүстік-батыста, солтүстікте, орталықта және шығыста түнгі уақытта температура 5…10, кей жерлерде 13 аязға дейін, күндіз 0…5 аяз, кей жерлерде 5 жылыға дейін, оңтүстік бөлігінде – түнде 0…5, кей жерлерде 10 аяз, күндіз 3...8 жылыға дейін төмендейді

Содан кейін солтүстікте, орталықта және шығыста ауа температурасы түнде 0...5 аяз, кей жерлерде 3 жылы, күндіз 3...8 жылы болады деп күтілуде. Еліміздің батысы мен оңтүстігінде ауа температурасы түнде 0...5-ке, кей жерлерде 8 жылыға дейін, күндіз 8...13-ке дейін көтеріледі. Онкүндік соңында республика аумағына кезекті антициклон әсер етеді және температура қайтадан төмендейді.

Екінші және үшінші онкүндіктерде температураның төмендеуі барынша қарқынды күтіледі, бұл солтүстік облыстарда қар жамылғысының орнауына алып келуі мүмкін.

Әдетте, солтүстік жартыда тұрақты қар жамылғысын орнатудың орташа күні қараша айының бірінші жартысында, оңтүстік өңірлерде - қараша айының соңы – желтоқсан айының басы деп күтіледі.