Кәсіпорнының жарғысы

Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігінің
Мемлекеттік мүлік және
жекешелендіру комитеті Төрағасының
2014 жылғы «___» ____________
№ _____ бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Қазгидромет» шаруашылық жүргізу құқығындағы
 республикалық мемлекеттік кәсіпорнының
ЖАРҒЫСЫ

Астана қаласы - 2014 жыл
1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны (бұдан әрі – Кәсіпорын) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады.
2. Кәсіпорын «Қазгидромет» және «Қазавиамет» республикалық мемлекеттік кәсіпорындарын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 2 наурыздағы № 185 қаулысына сәйкес құрылды.
3. Кәсіпорынның құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады.
4. Кәсіпорынның мүлкіне қатысты субъектінің құқығын мемлекеттік республикалық меншік құқығын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті (бұдан әрі – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган) жүзеге асырады.
5. Кәсіпорынды басқаруды жүзеге асыратын орган Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі (бұдан әрі – тиісті саланың уәкілетті органы) болып табылады. 
6. Кәсіпорынның атауы:
толық:
мемлекеттік тілде - Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Қазгидромет» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;
орыс тілінде - Республиканское государственное предприятие на праве хозяйственного ведения «Казгидромет» Министерства энергетики Республики Казахстан;
қысқаша:
мемлекеттік тілде – «Қазгидромет» РМК;      
орыс тілінде – РГП «Казгидромет».
7. Кәсіпорынның орналасқан жері: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Есіл ауданы, Орынбор көшесі, 11/1.

2. Мемлекеттік кәсіпорынның заңдық мәртебесі

8. Кәсіпорын мемлекеттік тіркелген сәтінен бастап құрылған болып есептеледі және заңды тұлға құқығына ие болады.
9. Кәсіпорынның заңнамаға сәйкес дербес теңгерімі, банктерде шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және Кәсіпорынның атауы бар бланкілері, мөрі болады.
10. Кәсіпорын Қазақстан Республикасы Үкіметінің және табиғи монополиялар саласында және реттелмелі нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның келісімімен басқа заңды тұлға құра алады, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алады.
Кәсіпорын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес филиалдар мен өкілдіктер құра алады.
11. Кәсіпорынмен жасалатын және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес міндетті түрде мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын азаматтық-құқықтық мәмілелер, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен өзгеше белгіленбесе, тіркелген сәттен бастап жасалынған деп есептеледі.    
12. Кәсіпорын мобилизацияланған дайындығын және Кәсіпорында азаматтық қорғанысты жүргізу және ұйымдастыру қамтамасыз ете алады.

3. Кәсіпорын қызметінің мәні мен мақсаттары

13. Кәсіпорын қызметінің мәні ұлттық гидрометеорологиялық қызметтiң функцияларын жүзеге асыру болып табылады.
14. Кәсіпорын қызметінің мақсаты қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді метеорологиялық, гидрологиялық және агрометеорологиялық болжаулар әзірлеу және жасау; қоршаған ортаға жүйелі түрде гидрометеорологиялық байқаулар және қоршаған ортаның мониторингін жүргізу; гидрометеорологиялық зілзала құбылыстары болуының ықтималдығы туралы ескерту; гидрометеорология және табиғи ортаның ластануы жөніндегі Республикалық деректер қорын жүргізу; энергетиканы, ауыл шаруашылығын және Қазақстан Республикасы экономикасының басқа да салаларын гидрометеорологиялық қамтамасыз етуді жүзеге асыру; Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, экономикасы салаларының және халқының ауа райы, климат, гидрометеорологиялық жағдайлардың нақтылы және күтілетін өзгерістері және табиғи ортаның ластануының жай-күйімен бұл өзгерістердің себептері туралы ақпаратқа қажеттілігін қанағаттандыру болып табылады.
15. Қойылған мақсатты іске асыру үшін Кәсіпорын мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) қоршаған ортаның жағдай-күйіне жүйелі  байқаулар жүргізу;
2) гидрометеорологиялық құбылыстарды болжау әдістерін жетілдіру;
3) Қазақстан Республикасы гидрометеорологиялық қамтамасыз ету ұйымдары мен кәсіпорындарының шаруашылық шарттары негізінде жобалау-іздестіру, ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-құрастыру, технологиялық жұмыстар, экологиялық аудит,  табиғат қорғауды жобалау және нормалау бойынша жұмыстар жүргізу;
4) табиғи ортаның жай-күйі туралы, Қазақстан Республикасы аумағындағы климаттық, агрометеорологиялық жағдайлар және су ресурстары туралы ғылыми-техникалық және ғылыми-қолданбалы әдебиеттерді дайындау мен шығаруды жүзеге асыру;
5) Қазақстан Республикасы аумағындағы басқа ұйымдармен алынған гидрометеорологиялық деректердің барлық түрлеріне, сондай-ақ кез келген жобалардың үлесінде пайдаланатын  гидрометеорологиялық ақпаратына сараптама жүргізу;
6) гидрометеорологиялық қызмет саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
7) гидрометеорологиялық процестер мен құбылыстарға белсенді әсер ету бойынша ұсыныстар дайындау, метеорологиялық жағдайлар мен климаттың өзгеруі халықтың  денсаулығына, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметіне әсер ету мәселелері бойынша анықтамалық-ақпараттық қызметтерді көрсету;
8) гидрометеорологиялық және экологиялық мәндегі аспаптарға түгендеу, дәлдендіру және жөндеу жүргізу; 
9) метеорологиялық сипаттаманың есептеу әдісі бойынша құрылыстық жобалау үшін нормалар мен ережелердің әзірлеуіне және  бекітуіне қатысу.
16. Кәсіпорынның осы Жарғыда бекітілген оның қызметінің мәні мен мақсатына сай емес қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ мәмілелерді жасауға құқығы жоқ.
17. Кәсіпорын Қазақстан Республикасының заңдарында немесе құрылтай құжаттарында белгілі бір шек қойылған қызмет мақсаттарына қайшы не оның басшысының жарғылық құзыретін бұза отырып, жасаған мәмілесі тиісті саланың уәкілетті органының немесе мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның не прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.
18. Кәсіпорын бас директорының заңды тұлғаның жарғылық емес қызметті жүзеге асыруға бағытталған іс-қимылдары еңбек міндеттерін бұзу болып табылып, тәртіптік және материалдық жауаптылық шараларын қолдануға әкеп соғады.

4. Кәсіпорынды басқару

19. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Кәсіпорынның құрылтайшысы болады;
2) Қазақстан Республикасының атынан Кәсіпорынға қатысты республикалық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын жүзеге асырады;
3) тиісті саланың уәкілетті органының ұсынымы бойынша Кәсіпорын қызметінің мәні мен мақсаттарын, сондай-ақ осы қызметті жүзеге асыратын Кәсіпорын түрін айқындайды және Кәсіпорынның Жарғысын, оған енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;
4) тиісті саланың уәкілетті органының келісімі бойынша Кәсіпорынға берілген немесе ол өз шаруашылық қызметінің нәтижесінде сатып алған мүлікті алып қоюды немесе қайта бөлуді жүзеге асырады;
5) Кәсіпорын мүлкінің мақсатты және тиімді пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырады;
6) Кәсіпорынның мемлекеттік мүліктің нысаналы пайдаланылуын бақылау нәтижелері бойынша анықталған, артық, пайдаланбайтын не мақсатына сай пайдаланбаған мүлкін, бақылауды жүзеге асырған кезден бастап алты ай өткен соң тиісті саланың уәкілетті органының келісімінсіз алып қоюды жүзеге асырады;
7) Кәсіпорынға алып қойылған мүлікті күтіп ұстау және оны кейіннен теңгерімнен шығара отырып, өзге тұлғаға бергенге дейін сақталуын қамтамасыз ету мерзімін белгілейді;
8) тиісті саланың уәкілетті органына Кәсіпорынды қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асыруға келісім береді;
9) Кәсіпорынға бекітіліп берілген мүлікті (ол өндірген өнімді сатуды қоспағанда) иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуге, филиалдар мен өкілдіктер құруға, сондай-ақ дебиторлық берешекті беруге және есептен шығаруға келісім береді;
10) Кәсіпорынға бекітіліп берілген мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге талдау жүргізеді;
11) Кәсіпорынға жұмыс істеуі мен оған басқару тиімділігінің мониторингін ұйымдастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасымен оның құзыретіне жататын басқа да мәселелерді шешеді.
20. Тиісті саланың уәкілетті органы:
1) Кәсіпорын қызметінің басым бағыттарын және бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстарының (көрсететін қызметтерінің) міндетті көлемдерін айқындайды;
2) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға Кәсіпорын қызметінің мәні мен мақсатын айқындау бойынша, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыратын Кәсіпорынның түрін айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
3) Кәсіпорынның даму жоспарларын және оларды орындау жөніндегі есептерін қарайды, келіседі және бекітеді;
4) Кәсіпорын мүлкінің сақталуына және Кәсіпорынның даму жоспарларының орындалуына талдауды және бақылауды жүзеге асырады;
5) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға Кәсіпорын берген немесе ол өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде сатып алған мүлікті алып қоюға немесе қайта бөлуге келісімін береді;
6) Кәсіпорынды басқаруды жүзеге асырады;
7) Кәсіпорынның жылдық қаржылық есептілігін бекітеді;
8) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша Кәсіпорынды қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады;
9) Кәсіпорынның таза табыстың белгіленген бөлігін республикалық бюджетке толық және уақытылы аударуын бақылауды жүзеге асырады;
10) Кәсіпорын бас директорының ұсынымы бойынша оның орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
11) жыл сайын Кәсіпорынның еңбекақы төлеу қорының мөлшерін белгілейді;
12) Кәсіпорын бас директорының, оның орынбасарларының, бас  бухгалтерiнiң лауазымдық айлықақыларының мөлшерiн, оларға сыйлықақы беру және өзге де сыйақы жүйесiн белгілейді;
13) Кәсіпорын бас директорының ұсынымы бойынша Кәсіпорын филиалдары мен өкілдіктерінің директорларын қызметке тағайындауға және қызметтен босатуға келісім береді;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасымен оның құзыретіне жататын басқа да мәселелерді шешеді.
21. Кәсіпорынның бас директоры оның органы болып табылады.
22. Бас директорды тағайындау, оны аттестаттаудан өткізу, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
23. Тиісті саланың уәкілетті органы Кәсіпорынның бас директорымен еңбек қатынастарын Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек шартын жасасу арқылы ресімдейді.
Еңбек шартында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен белгіленген жағдайлардан басқа, бюджетке таза табыстың белгіленген бөлігі уақытылы аударылмағаны үшін Кәсіпорын бас директорының жауапкершілігі айқындалады.
24. Кәсіпорынның бас директоры Кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметіне және мүлкінің сақталуына дербес жауапты болады.
25. Кәсіпорынның бас директоры Кәсіпорында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекетті ұйымдастыруға дербес жауапты болады.
26. Бас директор дара басшылық қағидаттарында әрекет етеді және Кәсіпорын қызметінің барлық мәселелерін Қазақстан Республикасының заңнамасымен және осы Жарғымен айқындалатын өз құзыретіне сәйкес дербес шешеді.
27. Бас директор:
1) Кәсіпорынның атынан сенімхатсыз әрекет етеді және оның мүдделерін барлық органдарда білдіреді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген шектерде Кәсіпорынның мүлкіне билік етеді;
3) шарттар жасасады және өзге де мәмілелер жасайды;
4) сенімхаттар береді;
5) банктік шоттар ашады;
6) Кәсіпорынның барлық қызметкерлері үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
7) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес Кәсіпорынның қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және олармен еңбек шарттарын бұзады, көтермелеу шараларын қолданады, егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен және осы Жарғымен өзгеше көзделмесе оларды жазаға тартады;
8) белгіленген еңбекақы төлеу қоры шегінде еңбекақы төлеу нысанын, штаттық кестені, лауазымдық айлықақылардың мөлшерлерін, Кәсіпорынның қызметкерлеріне (өзінің орынбасарлары мен бас бухгалтерді қоспағанда) сыйлықақы беру және өзге де сыйақы жүйесін бекітеді;
9) өзінің орынбасарларын қызметке тағайындау және қызметтен босату үшін тиісті саланың уәкілетті органына кандидатураларды ұсынады;
10) өзінің орынбасарлары мен Кәсіпорынның басқа да басшы қызметкерлерінің құзыретін белгілейді;
11) тиісті саланың уәкілетті органының келісімі бойынша Кәсіпорынның филиалдары мен өкілдіктерінің директорларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
12) Кәсіпорынның филиалдары мен өкілдіктері туралы ережелерді бекітеді;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

5. Кәсіпорынның мүлкі

28. Кәсіпорынның мүлкін, құны оның теңгерімінде көрсетілетін Кәсіпорынның активтері құрайды.
29. Кәсіпорынның мүлкі бөлінбейтін болып табылады және салымдар (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері, пайлар) бойынша, оның ішінде Кәсіпорын қызметкерлерінің арасында бөлуге болмайды.
30. Кәсіпорынның мүлкі:
1) оған меншік иесі берген мүліктің;
2) өз қызметiнiң нәтижесінде сатып алынған мүлiктiң (ақшалай табыстарды қоса алғанда);
3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қаражат көздерінің есебінен қалыптастырылады.
31. Кәсіпорынның жүргізуінде тек оның жарғылық мақсаттарымен көзделген қызметін қамтамасыз ету үшін оған қажетті, не осы қызметтің өнімі болып табылатын мүлкі болуы мүмкін.
32. Шаруашылық жүргізу  құқығын алу және тоқтату, егер осы бапта өзгеше көзделмесе немесе аталған заттық құқықтың табиғатына қайшы келмесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде меншік құқығын және өзге де заттық құқықты алу мен тоқтату үшін көзделген талаптарда және тәртіппен жүзеге асырылады.
33. Шаруашылық жүргізудегі мүлікті пайдаланудың жемістері, өнімі мен кірістері, сондай-ақ Кәсіпорын шарттар немесе өзге де негіздер бойынша алған мүлік Қазақстан Республикасының заңнамасында меншік құқығын алу үшін белгіленген тәртіппен Кәсіпорынның шаруашылық жүргізуіне түседі.
34. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен немесе меншік иесінің шешімімен өзгеше белгіленбесе, мүлікке шаруашылық жүргізу  құқығы, оған қатысты меншік иесі оны Кәсіпорынға бекіту туралы шешім қабылдаған, Кәсіпорында мүлікті өз теңгеріміне бекіткен сәтінде туындайды.
35. Кәсіпорынның негізгі құралдарға жататын мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту шарттары негізінде иеліктен айыруға құқығы жоқ.
36. Кәсіпорынның мүлкіне шаруашылық жүргізу құқығы, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 249-бабында көзделген тәртіппен және меншік құқығын тоқтату негіздері бойынша, сондай-ақ осы Жарғының 36 және 37-тармақтарында көзделген жағдайларда тоқтатылады.
37. Осы Жарғының 35-тармағында көзделген шаруашылық жүргізу құқығын тоқтатудың жалпы негіздерінен басқа, шаруашылық жүргізу құқығы Кәсіпорыннан мүлікті меншік иесінің шешімі бойынша заңды түрде алынып қойылған жағдайда тоқтатылады.
Заңды түрде алып қою жағдайларына, атап айтқанда, мыналар:
- шаруашылық жүргізу құқығындағы Кәсіпорынның жарғылық қызметінің мақсаттарына жауап бермейтін мүлікті алып қою;
- артық, пайдаланылмайтын не мақсатқа сай емес пайдаланылатын мүлікті алып қою жатқызылады.
38. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мүлікті алып қою туралы шешімінде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган Кәсіпорынға оны өзге тұлғаға бергенге дейін ұстауын және сақталуын қамтамасыз етудің мерзімдерін белгілейді.
39. Кәсіпорын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның  жазбаша келісімімен тиісті саланың уәкілетті органының ұсынымы бойынша мыналарға:
1) филиалдар, өкілдіктер құруға;
2) оған тиесілі акционерлік қоғамдардың акцияларына, сондай-ақ дебиторлық берешегіне билік етуге;
3) үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша кепілгерлік немесе кепілдік беруге;
4) қарыздар беруге құқылы.
40. Кәсіпорын оған шаруашылық жүргізу құқығында бекітілген негізгі құралдарға жатпайтын жылжымалы мүлікке дербес билік етеді.
41. Егер Қазақстан Республикасының Бюджет кодексімен немесе меншік иесімен (мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкiлетті орган) өзгеше белгіленбесе, осы Жарғының 38 және 39-тармақтарында көрсетiлген мүлiкпен жасалған мәмiлелерден алынған ақшаны Кәсіпорын дербес пайдаланады.

6. Кәсіпорынның қызметін қаржыландыру

42. Кәсіпорынның қызметі өз табысы және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалған тәртіппен алынған бюджет қаражаты есебінен даму жоспарына сәйкес қаржыландырылады.
Кәсіпорынның даму жоспарларын әзірлеу және бекіту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
43. Кәсіпорынның таза табысының бөлігін аудару нормативін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Кәсіпорынның таза табысының бөлігі белгіленген нормативтер бойынша Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде белгіленген тәртіппен республикалық бюджетке аударылуы тиіс.
Кәсіпорын таза табысының бөлігін республикалық бюджетке аударуды
корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізеді.
44. Кәсіпорын өзі өндіретін өнімді дербес жүзеге асырады.
45. Кәсіпорын өндiретін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағалары Кәсiпорынның оларды өндiруге жұмсаған шығындарын толық өтеуді, оның қызметінің залалсыздығын және өз табыстары есебiнен қаржыландырылуын қамтамасыз етуі тиiс.
Бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстардың (көрсетілетін қызметтердің) көлемі шеңберінде өндiрілетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын тиісті саланың уәкілетті органымен келісім бойынша Кәсіпорын белгiлейдi.
Табиғи монополиялар субъектілеріне немесе тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілеріне жататын шаруашылық жүргізу құқығындағы Кәсіпорын өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағалары «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы», «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының және табиғи монополиялар субъектілерінің немесе тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің баға белгілеуін реттейтін Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының талаптары ескеріле отырып, белгіленеді.
46. Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған, Кәсіпорынның Жарғысында көзделмеген қызметтi жүзеге асырудан осы кәсіпорын алған табыстар, сондай-ақ бюджеттен қаржыландыру есебінен құралған, сатылатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) белгіленген бағаларын көтеру нәтижесiнде алынған табыстар Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен бюджетке алып қоюға жатады. Мүлікті бухгалтерлік есеп қағидалары бойынша тиісті түрде көрсетпей пайдалану фактілері анықталған жағдайда, ол да алып қоюға жатады.

 

7. Кәсіпорынның жарғылық капиталы

47. Кәсіпорынның жарғылық капиталының мөлшері 5 030 484 743,98 (бес миллиард отыз миллион төрт жүз сексен төрт мың жеті жүз қырық үш) теңге 98 тиынды құрайды.
Жарғылық капиталды меншік иесі (құрылтайшы) Кәсіпорынның мемлекеттік тіркелуі кезіне толық қалыптастыруы тиіс.

 

8. Кәсіпорынның есепке алуы мен есептілігі

48. Кәсіпорынның бухгалтерлік есебін жүргізу және қаржылық есептілігін жасау Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына және қаржылық есептіліктің тиісті саланың уәкілетті органының келісімі бойынша халықаралық стандарттарына сәйкес Кәсіпорынның бас директоры бекітетін есеп саясатына сәйкес жүзеге
асырылады.
49. Кәсіпорынның жылдық қаржылық есеп беруі бухгалтерлік теңгерімді, табыстар мен шығындар туралы есепті, ақша қозғалысы туралы есепті, өз капиталындағы өзгерістер туралы есепті, түсіндірме жазбаны қамтиды.

9. Кәсіпорынның жауапкершілігі

50. Кәсіпорын өз міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлікпен жауап береді.

10. Еңбек ұжымымен өзара қатынас

51. Кәсіпорынның әкімшілігі мен еңбек ұжымы арасындағы өзара қатынас Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және ұжымдық шартқа сәйкес айқындалады.
52. Кәсіпорынның жұмыс тәртібі ішкі еңбек тәртібі қағидасына сәйкес белгіленеді және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.

11. Кәсiпорын қызметкерлерiне еңбекақы төлеу

53. Кәсіпорынның еңбекақы төлеу қорының мөлшерін жыл сайын тиісті
саланың уәкілетті органы белгілейді.
54. Еңбекақы төлеу нысандарын, штат кестесiн, лауазымдық айлықақылар мөлшерiн, сыйлықақы беру және өзге сыйақы жүйесiн белгiленген еңбекке ақы төлеу қорының шегiнде Кәсiпорын дербес айқындайды.
55. Кәсiпорын бас директорының, оның орынбасарларының, бас бухгалтерiнiң лауазымдық айлықақыларының мөлшерiн, оларға сыйлықақы беру және өзге де сыйақы жүйесiн тиісті саланың уәкілетті органы белгiлейдi.

12. Кәсіпорынды қайта ұйымдастыру және тарату

56. Кәсіпорынды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүргізіледі.
Кәсіпорын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен көзделген басқа да негіздер бойынша таратылуы мүмкін.
57. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, Кәсіпорынды қайта ұйымдастыруды және таратуды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша тиісті саланың уәкілетті органы жүзеге асырады.
58. Кредит берушілердің талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған таратылған Кәсіпорынның мүлкін мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган  қайта бөледі.
Кредит берушілердің талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған таратылған Кәсіпорынның ақшасы, Кәсіпорынның мүлкін сату нәтижесінде алынған қаражатты қоса алғанда, тиісті бюджеттің табысына есептеледі.

13. Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі

59. Кәсіпорынның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар тиісті саланың уәкілетті органының ұсынымы бойынша мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның бұйрығымен енгізіледі.

         Бас директоры М.П.Кынатов __________________

Copyright © 1998-2017, РГП "Қазгидромет"
Разработка: компания «Creatida» Поддержка сайта «Турбосайт»