РМК «Қазгидромет»
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрлігі
Добавлено: 28 наурыз 2017 10:30, Изменено: 13 сәуір 2017 16:21

Батыс Қазақстан облысында гидрометеорологиялық қызметінің даму тарихы

      Адам баласын ауа райы мен табиғатта болып жатқан құбылыстар жер бетінде тіршілік пайда болған заманнан бері қызықтырған және бұл қызығушылығы арта түспесе, басылмағаны сөзсіз. Гидрометеорология- білімнің ежелгі салаларының бірі болып саналады. Ауа райына көптеген нәрсе тәуелді, әсіресе қазіргі заманда бұл мәселе өзекті болып қалып отыр. Сондықтан да, адамдар табиғаттың тосын мінезінен сақтанып, түрлі қатердің алдын алу үшін күн райының қалай өзгерерін алдын ала біліп, болжап отыруға тырысқан.

       Алғашқы тұрақты метеорологиялық бақылаулар Батыс Қазақстан облысының аумағында ХІХ ғасырдың соңында жүргізіле бастады: 1891 -жылы Калмыков метеостансасы (кейін Тайпақ болып өзгертілді) ашылды, 1897- жылы- Жымпиты метеостансасы, ал 1899- жылы Орал метеостансасы ашылған. Қарапайым аспаптар арқылы бақылаулар тек ауа температурасын, жауын-шашынды және желдің бағытын анықтады. Қазіргі таңда стансалар мен бекеттерде 50-ден астам түрлі өлшемдер анықталады, жұмыс барысында сертификатталған құралдар мен жабдықтар пайдаланылады.

ХХ ғасырдың басында төңкеріске дейін метеостансалар торабы өте баяу дамыды. Облыс аумағында 1915-жылы Орда МС мен 1912-жылы Көшім ауылында Жайық өзенінде гидрологиялық бекет ашылды.

Агрометеорологиялық бақылаулар 1925-жылдан бері жүргізіледі. Сол кезде халық шаруашылығын гидрометеорологиялық қамтамасыз ететін орган ұйымдастыру мәселесі туындады. Метеорологиялық және агрометеорологиялық бақылаулар жүргізумен қатар, су нысандарын зерттеу ісі дамып, одан кейін гидрологиялық бақылау бекеттері ашылды.

     Гидрометеорологиялық бақылау желісінің өсіп-дамуына байланысты, халық шаруашылығының жетекші салаларына қызмет ететін ұйымдар құрыла бастады. Осы мақсатта 1936-жылы Батыс Қазақстан облыстық гидрометқызмет басқармасы құрылды.

1978-1998 -жылдары қоршаған ортаның табиғи күйінің және атмосфераның ластаушы көздерінің мониторингінің мемлекеттік жүйесі ұйымдастырылды. Жедел ақпаратты қабылдау және жіберу бойынша бағдарламалар кешені  алынды, телекоммуникация жүйесінің кешені, бақылау құралдары, гидрометеорологиялық ақпарат беру мен өңдеу жүйесі жаңғыртылды. Ресей Гидрометорталығынан ауа райының карталары, сондай-ақ әлемдік метеорологиялық орталықтар - Вашингтон мен Редингтен барилік топографияның болжамдық карталары да сандық түрде алынатын болды. «ГИС-Метео» геоақпараттық жүйесі енгізілді.

      1993-жылдың 13-сәуірінде Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік Метеорологиялық Ұйымына (ДМҰ) мүше болды, «Қазгидромет» РМК бас директоры ДМҰ жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі болып табылады.

      Біздің облыс аумағында 14 метеостанса, 4 автоматтық станса, 22 гидрологиялық бекет, 9 агрометеорологиялық бекет жұмыс істейді және 4 автоматтық бекет атмосфераның күйін бақылайды.

       «Қазгидромет» РМК тәулік бойы үздіксіз бақылау жүргізеді, яғни табиғаттың түрлі орталардағы, атап айтқанда- ауадағы, судағы, топырақтағы күйін бақылайды, болжайды және ескертіп отырады.

«Қазгидромет» РМК БҚО бойынша филиалы – Батыс Қазақстан облысының аумағында күтілетін табиғаттың қауіпті және апатты құбылыстары жөнінде барлық ұйымдарды ресми түрде алдын ала ескертіп, ақпараттық қызмет көрсетуге құқылы жалғыз заңды жауапты орган. Сонымен қатар, Қазақстан ДМҰ мүшелігіндегі мемлекеттер қатарында ХХІ ғасырда адамзатқа қауіп төндіретін табиғи апаттармен белсенді күрес жүргізуге ат салысып келеді.

 

Сіздің пікіріңіз бізге қажет

Метеорологиялық сезімтал адамдар үшін болжам шығару қажет пе?