Радар қалай жұмыс істейді
Ауа-райының радарлары микротолқынды импульстарды шығарады. Импульс кедергілерге, мысалы, жаңбыр тамшыларына тап болған кезде әр импульс энергиясының бір бөлігі радиолокациялық станция бағытына қарай кері таралады. Станциядан межелі аралыққа дейінгі көлденең қашықтық импульс басталғаннан бастап кері сигнал байқалғанға дейінгі уақыт мөлшері бойынша есептеледі.
Метеорологиялық радар жеткілікті деңгейдегі сезімтал жабдық болуы керек, өйткені кері сигнал берілетін сигналға қарағанда әлдеқайда әлсіз болады. Әдетте берілетін ең жоғары қуат 250 000 Вт-ты, ал кері сигнал небәрі 0,000 000 000 000 1 - 0,000 000 01 Вт-ты құрайды.
Мөлшері бір миллиметрді құрайтын жаңбыр тамшылары әдетте бір-бірінен 10 см қашықтықта жауатындықтан, микротолқындар жауын-шашын аймағына оңай еніп, тіпті жауын-шашын аймағының ішкі бөліктері мен артқы бөлігінен де ақпарат бере алады. Микротолқындар жаңбыр тамшылары мен қар ұшқындары арқылы оңай таралады, сондықтан да ауа райы радары жауын-шашынның қай жерде жауып жатқанын және оның қаншалықты мол екенін көруге көмектеседі. Қатты жаңбыр әртүрлі түспен көрінетін күшті жаңғырық-сигналдарды береді.