Құрамына Қазақстан кіретін Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) 2021 жылдың 3 қыркүйегінде COVID-19 алғашқы толқыны кезіндегі оқшаулау режимі мен жол жүруге қойылған шектеулер 2020 жылы, әсіресе қалалық жерлерде ауаны ластайтын негізгі заттар шығарындыларының қысқа мерзімге күрт төмендеуіне әкелгендігі жөніндегі бақылауларды жариялады. Қала тұрғындары ластанған аспанның орнына көк аспанды көре бастаған. Алайда, ластанудың төмендеуі барлық аймақтар мен ластаушы заттардың түрлері бойынша әркелкі болған. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) жаңа баяндамасына сәйкес, әлемнің көптеген бөліктерінде ауа сапасы әлі де нормативтік көрсеткіштерге сәйкес келмейді.
ДМҰ-ның алғаш рет жариялап отырған Ауа сапасы мен климат жөніндегі бюллетенінде басқа жылдармен салыстырғанда 2020 жылы ауа сапасына әсер еткен негізгі факторлар аталған. Баяндамада әлемнің әртүрлі бөліктерінде ауа сапасының жақсару көрінісі де, нашарлау көрінісі де байқалғандығы мәлемделген.
Аталмыш жарияланым ауа сапасы мен климаттың өзгеруі арасындағы тығыз байланысты көрсетеді. COVID-19 жағдайындағы экономикалық белсенділіктің әлсіреу кезеңінде атмосфераға шығарылатын антропогендік ластаушы заттар азайған, алайда климаттың өзгеруі себеп болған метеорологиялық экстремалды құбылыстар мен қоршаған ортаның жай-күйі бұрын-соңды болмаған құмды және шаңды дауылға, сондай-ақ өрт апатына әкеліп, ауа сапасына әсер еткен.
Бұл үрдіс 2021 жылы да жалғасуда. Солтүстік Америкада, Еуропада және Сібірде орын алған алапат өрт апаты миллиондаған адамдар тыныс алатын ауаның сапасына әсер еткен, ал көптеген аймақтарды басқан құмды және шаңды дауыл құрлықтарға тараған.
«COVID-19 ауа сапасына жоспарсыз жүргізілген эксперимент іспеттес болды, ол расында ауаның уақытша жергілікті жақсаруына әкелді. Алайда, пандемия ластану мен климаттың өзгеруінің негізгі факторларымен күресу бойынша тұрақты әрі жүйелі іс-әрекетті алмастыра алмайды»,-деді ДМҰ Бас хатшысы, профессор Петтери Таалас.
ДМҰ бюллетенінің толық мәтінін https://public.wmo.int/ru/media сілтемесі арқылы алып, оқуға болады.