Жағымды жаңалықтар уақыты: атмосфералық ауаның жай-күйі туралы ақпаратты тарату бастамасына Алматы қаласы қосылды.
2020 жылдың маусым айынан бастап оңтүстік астананың LED экрандарында «Қазгидромет» РМК бақылау желісінен атмосфералық ауаның жай-күйі туралы ақпарат таратыла бастады.
2019 жылдың қазанында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Елбасының Қазақстан аумағы бойынша атмосфералық ауаның сапасы туралы онлайн-режимде ақпараттың қолжетімділігі туралы тапсырмасын орындау үшін жандандыруды тапсырды.
Атмосфералық ауаның сапасы туралы ақпаратты қазірдің өзінде Павлодар, Екібастұз, Петропавл, Ақтау, Орал, Қостанай, Талдықорған, Көкшетау және Алматы қалаларының LED экрандарынан көруге болады.
Ауа сапасының жай-күйі туралы деректер «Қазгидромет» РМК бақылау желісінің датчиктерінен қалалардың экрандарына автоматты түрде таратылады. Ақпарат сағат сайын жаңартылып отырады және Қазақстанның 45 елді мекені бойынша ауа жай-күйінің негізгі көрсеткіштері: РМ 10, PM 2,5 өлшенген бөлшектері, күкірт диоксиді, азот диоксиді, азот оксиді, көміртегі оксиді бойынша деректерді қамтиды.
Алайда жұмыс жалғасуда және жақын арада біз Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қызылорда, Қарағанды, Атырау және Ақтөбе қалаларының тұрғындары өз қалаларының LED экрандарынан ақпарат ала алады деп күтеміз.