Қазгидромет алғаш рет метеорологиялық деректер базасына қолжетімділікті ашуда!

IconЖарияланды 26.12.2022

2022 жылдың желтоқсан айынан бастап "Қазгидромет" РМК сайтында "Метеорологиялық деректер базасы" атты жаңа бөлім ашылуда https://meteo.kazhydromet.kz/database_meteo_kz/ . Бұл бөлімде ауа мен топырақтың температурасы, ауа ылғалдылығы, желдің жылдамдығы мен бағыты, атмосфералық қысым, бұлттылық, жауын-шашын, атмосфералық құбылыстар, қар жамылғысы және күн сәулесінің ұзақтығы туралы құрылымдық ақпараттың жинағы қамтылған.

Базаға "Қазгидромет" РМК метеостанциялары орындаған, 2000 жылдан бергі деректер жүктелген. Метеорологиялық бақылау желісі үздіксіз мониторинг жүргізетін, республиканың бүкіл аумағында орналасқан 347 метеорологиялық станциядан тұрады.

Жиналған барлық ақпарат анықтамалық электрондық база түрінде қол жетімді. Пайдаланушы 2000-2021 жылдар аралығындағы объективті және нақты ақпаратты ала алады. Аталмыш ақпарат жинағы құрылыс және көлік компанияларының жұмысын жеңілдетіп, есептеу мен талдауға көмектеседі, өйткені мұнда желдің күші, жауын-шашын мөлшері, белгілі бір елді мекендердегі төмен және жоғары температура туралы нақты мәліметтер қамтылған. Пайдаланушыларға қолайлы болу үшін ақпарат толықтырылады және қажет болған жағдайда өзгертіледі.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз