22-23 ақпанда Астанада ауа сапасы бойынша Орталық Азия конференциясы өтуде. Іс-шараның мақсаты мемлекеттік органдардың ауа сапасы мәселесі бойынша әлеуетін жақсарту, сондай-ақ Орталық Азия елдері арасындағы ауа сапасын мониторингілеу және жақсарту мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайту болып табылады.
Конференцияға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, шақырылған сарапшылар мен белсенділер қатысты. «Қазгидромет» РМК Экологиялық мониторинг департаментінің директоры Айнұр Ортбаева және «Қазгидромет» РМК Экологиялық мониторинг басқармасының бастығы Ғалия Әмірова «Қазақстандағы ауа сапасы» секциясында баяндама жасап, ауа сапасы мәселелері бойынша пікірталасқа қатысты.
«Қазгидромет» РМК Қазақстандағы атмосфералық ауа мониторингімен айналысатын кәсіпорын ретінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, ауа сапасы мен ластауыш заттардың мониторингі мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. 2018 жылдан бастап Қазгидромет атмосфералық ауа сапасының мониторингі бойынша AirKZ мобильдік қосымшасын іске қосты, сондай-ақ https://www.kazhydromet.kz/vc/silam/ «SILAM» ауа сапасын болжау моделі әзірленді, енгізілді және табысты жұмыс істеуде.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы атмосфералық ауа сапасының мониторингі 69 елді мекенде 170 бекетте жүргізілуде, оның 47 - сінде қолмен және 130 - ында автоматты сынама алынады. Сондай-ақ 15 жылжымалы зертхана жұмыс істейді. Стационарлық бекеттердің көмегімен РМ2.5, РМ10, азот диоксиді, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді және озон сияқты басым ластауыш заттар анықталады. Өнеркәсіптік аудандарда фенолдар, формальдегидтер, күкіртсутек және ауыр металдар сияқты арнайы ластауыш заттар мониторингіленеді. 2021 жылы «Қазгидромет» РМК өз қаражаты есебінен бұрын бақылау жүргізілмеген елді мекендерді қоса алғанда, Қазақстан аумағын 100%-ды мониторингілеу мақсатында 30 жаңа станция сатып алды.