2023 жылғы 21 сәуірде Өскемен қаласында экологиялық бастамалардың «БІЗДІҢ АСПАН» атты алғашқы өңіраралық форумы өтті. Форум бизнес өкілдері, билік, сарапшылар мен экологиялық белсенділер арасында тікелей диалог жүргізу алаңын қамтамасыз етті. Іс-шарада халықаралық және отандық сарапшылардың экологиялық практикасы таныстырылды. Форумға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі, «Қазгидромет» РМК өкілдері және экологиялық белсенділер қатысты. Оны ұйымдастырушы – «ECOJER» қазақстандық қауымдастығы.
Форумның «Атмосфералық ауа сапасына қатысты қандай проблемалар бар?» атты блогында «Қазгидромет» РМК Бас директоры Данара Әлімбаева баяндама жасады. Қазақстанның Ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің басшысы өз сөзінде Өскемен қаласында атмосфералық ауаның сапасына мониторинг қалай жүргізіліп жатқандығы, 2007-2022 жылдара аралығындағы ауаның ластану индексі туралы айтып, соңғы үш жылдағы ауадағы шекті жол берілетін концентрацияның арту мөлшеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
2020 жылы 3222 жағдай, 2021 жылы 3984 жағдай орын алып, 2022 жылы
16 983 жағдай тіркелген! Ауаның жоғары деңгейде ластануы
«Қазгидромет» РМК аспаптарының көрсеткіштерімен ғана емес, сонымен қатар қала азаматтарының дәлелдемесімен расталады – деді Д.Әлімбаева.
Сонымен қатар Данара Әлімбаева 1973-2022 жылдар аралығындағы кезеңде жел жылдамдығының өзгеру тенденцияларын және ұзақ уақыт бойы желсіз ауа-райының орын алуы атмосфераның беткі қабаттарында химиялық заттардың жиналуына, ластаушы заттардың әлсіреуіне кедергі келтіретін тұмшаның пайда болуына қолайлы жағдай тудыратындығын атап өтті.
Д.Әлімбаева өз баяндамасында орташа есеппен алғанда Өскемен қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар орын алатын ең көп күндер қаңтардан бастап наурызды қоса алған және қыркүйектен бастап желтоқсанды қоса алған аралықта байқалатындығын атап өтті.
Өз сөзін қорытындылай келе, Д. Әлімбаева қазіргі уақытта Қазақстанның қалалары мен елді мекендері ауа сапасының мониторингімен қамтылғандығын және ауа сапасы мемлекеттік және жеке желінің 300 датчигінің/бекетінің көмегімен өлшенетіндігін, алайда шығарындыларды рұқсат ету лимитін қайта қарамайынша тұмшаның қалаларды одан әрі баса беретіндігін айтты.
Алайда, рұқсаттама беру жүйесіне және эмиссия нормативтерін айқындау тәртібіне реформа жүргізбестен, ауа сапасының мониторингін біржақты жетілдіру ауаның ластану деңгейін төмендетуде нәтиже бермейді.