Экология министрлігінде Қазақстандағы суармалы сумен қамтамасыз ету, стихиялық қоқыстар және ауа бассейнінің жағдайы талқыланды

IconЖарияланды 16.07.2020

Талқылау ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің алқасы аясында өткізілді. Онда бірінші жартыжылдықтың қорытындылары шығарылып, жылдың соңына дейінгі жоспарлар айтылды.
Алқа аясында елдегі экологиялық жағдай туралы негізгі мәселелер талқыланып, Экология вице-министрлерінің есептері тыңдалды. Алқа жұмысына министрліктің, оның ішінде аймақтық бөлімшелердің барлық басшылары, сондай-ақ қоғам қайраткерлері қатысты. ​ ​ ​
Алқада су ресурстарын басқару мен ирригациялық және ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне, сондай-ақ елдің ауа бассейнінің жай-күйіне, жоспарланбаған қоқыстар мен қалдықтарды өңдеудің жағдайына ерекше назар аударылды.
Мәселен, вице-министр Сергей Громов бүгінгі таңда республикада тұтастай алғанда Ертіс, Тобыл, Есіл, Нұра өзендерінің бассейндерінде судың орташа мөлшері, Жайық, Іле, Сырдария, Шу, Талас өзендерінің бассейндерінде судың төмендігі байқалатынын атап өтті. “Ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2020 жылы 14 жобаны іске асыруға 7,1 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде биыл 5 жобаны аяқтап, 1 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жоспарланған», - деп мәлімдеді С. Громов. ​
Атап өтсек, Гидроқұрылғыларды қайта құру және салу бөлігінде биыл 9 жобаны іске асыруға 6,8 млрд. теңге қарастырылған. Сонымен қатар 7 жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Оның нәтижесінде 132,8 мың га кепілді сумен қамтамасыз етіледі. Суармалы жерлер мен 31 мыңнан астам тұрғыны бар 7 елді мекенді су басу қаупі жойылды. Осы 9 жобаның 4-ін биыл тапсыру жоспарланған.
Мағзұм Мырзағалиев өз кезегінде мүдделі мемлекеттік органдармен Су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасының дайын жобасын әзірлеуді жеделдету керектігін атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Қарағанды ​​облысындағы Жезқазған және Сәтбаев қалаларын ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Министр бұл жобаны уақтылы жүзеге асыру қажеттілігі жөнінде де тоқталды.
Сонымен қатар, М.Мырзағалиев суармалы жерлерді суармалы сумен қамтамасыз ету үшін бірқатар өңірлерде жұмыстарды жеделдету қажеттілігіне назар аударды. “Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін Мемлекет басшысы суармалы жерлерді 3,0 миллион гектарға жеткізуді тапсырған болатын. Алғашқы кезеңде 492 мың гектар жаңа суармалы жер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл жұмыс 2022 жылы аяқталуы керек”, деді министр.
Мағзұм Мырзағалиев Су кодексінің жаңа нұсқасын әзірлеу қажеттігіне де тоқталды.
Министр шаруа қожалықтарын суармалы сумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.
«Бұл өте маңызды мәселе. Біз шаруаларымыздың сусыз қалуына жол бермеуіміз керек. Бассейндік инспекциялар мен «Казводхоз» РМК филиалдарының басшылары әр фермермен қолмен жұмыс жасауы керек», - деп атап өтті М.Мырзағалиев алқада.

Экологиялық кодекс туралы ҚР ЭГТРМ вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов баяндама жасады. Ол бірінші жартыжылдықта Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын талқылау жұмыстары жүргізіліп, қыркүйектен бастап бұл жұмыс жалғасатынын айтты. Оның айтуынша, Кодекс көпшіліктің және ірі бизнестің ​ зор қызығушылығын тудырып, оны талқылауға белсенді қатыстыруы тиіс.
Атмосфералық ауа сапасы экологиялық проблемалардың бірі болып қала береді, деді вице-министр. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар және Қарағанды ​​облыстарында шығарындылардың өсуі байқалады. Экологиялық мониторинг нәтижелері бойынша Ақтөбе, Атырау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Өскемен, Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Жезқазған қалалары атмосфералық ауаның ластануының жоғары деңгейі байқалды, деді А.Пірімқұлов.
Мемлекет басшысы 10 шілдеде өткізілген Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өткен стихиялық қоқыстарға қатысты жағдайға келетін болсақ, олардың ең көп саны Ақмола (1576), Қарағанды ​​(1081), Алматы (876) және Ақтөбе (747) облыстарында тіркелген, деп атап өтті вице-министр. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында 400-ден астам стихиялық қоқыс анықталған.

Вице-министр Ерлан Нысанбаев сондай-ақ алқада орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі саласындағы жұмыс нәтижелері туралы баяндама жасады.
Атап айтқанда, ол ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейту мақсатында биыл Бурабай ұлттық паркінің аумағын 3,1 мың гектарға және Барсакелмес қорығының аумағын 2,3 мың гектарға ұлғайту шаралары қолға алынғанын айтты. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысында 343 мың га алаңмен «Бөкей ордасы» жаңа резерватын құру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Ұлытау ұлттық паркін құру жұмыстары жүргізілуде (жобалық ауданы 64,0 мың га), - деді Е.Нысанбаев.
Вице-министр сондай-ақ елдегі браконьерлік жағдайға ерекше назар аударды. Сонымен, оның айтуынша, қылмыстық жауапкершіліктің қатайғанына қарамастан, браконьерлік жағдайлары тоқтамауда. Ақбөкендерді аулауға маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтардың іс-әрекетін тоқтату мақсатында, ағымдағы жылғы ақпан айында Экология министрлігі, Ішкі істер министрлігі мен ҰҚК бірлескен бұйрығымен «Киік» табиғатты қорғау акциясын өткізу жоспары бекітілді. Жыл басынан бері 39 браконьерлік фактісі анықталып, 1571 мүйіз бен 513 ақбөкеннің тұтас еті алынды. ​

Сондай-ақ, министрліктің жауапты хатшысы Сәбит Нұрлыбай өткен жылдың қарашасында ҚР ЭГТРМ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қатысуымен іске қосқан «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмысының нәтижелері туралы баяндама жасады. Жобалық кеңсенің жетекшісі - Айгүл Соловьева. С.Нұрлыбай, атап айтқанда, министрліктің өтініштерді қарау алгоритмін бекіткенін, Жобаны және оның салаларын ұйымдастыру және кадрлық қамтамасыз ету мәселелері шешілгенін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралары қабылданғанын атап өтті. Жобалық бюроның қатысуымен Министрлік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, 2 комитетте (қоршаған ортаны реттеу және бақылау, орман және жабайы табиғат комитеті) сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Анықталған қатерлерді жою бойынша шаралар қабылдануда. Өңірлердегі министрлік қызметкерлерін көшпелі тексерулер жүргізу практикасы жалғасатын болады. ҚР ЭГТРМ комитеттерінің төрағаларына министрліктің 2019-2020 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының және Президент Әкімшілігінің атынан әзірленген Сыбайлас жемқорлық қатерлері картасының орындалуын жеке бақылауға алу тапсырылды.
Алқа соңында министр Мағзұм Мырзағалиев министрліктің барлық қызметкерлерінің аталған нұсқаулықтарды белгіленген мерзімде сапалы орындауы, сонымен қатар ашық және айқын жұмыстар жүргізуі қажеттігіне ерекше назар аударды.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз