Қазгидрометке жаңа оқу жылы басталар алдында Көкшетау қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Садир Рамазан келді. Жас өнертапқыш атмосфералық ауаның ластануын бағалаудың жаңа әдістерін ойлап табу бойынша жұмыс жасауда. Ақпаратты іздеу барысында Садир мобильді мониторинг технологиясы туралы мақалаларға тап болды. Авторлардың сипаттамасына сәйкес, арнайы құралдар қала аумағының үстінен ұшатын және атмосфералық ауаға мониторинг жүргізетін дрондарға бекітіледі. Садир бұл идеяны дамытып, мектепте жасайтын баяндамасында қамтуға шешім қабылдады.
Алайда жоба бойынша осы саладағы мамандардың кеңесі қажет болып, Садир осы идеяны іске асырудың қаншалықты мүмкін екендігін білу үшін "Қазгидромет" РМК-ге келді. Қызыққұмар өнертапқыш экскурсия барысында Қазақстанның Ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің зертханасында, Ауа райы қызметінің дамуы мен қалыптасуы мұражайында болып,
"Қазгидромет" РМК экологиялық мониторинг департаменті мен Ғылыми-зерттеу орталығының мамандарымен сөйлесті.