Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!

IconЖарияланды 03.01.2024

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбаты

Қасым-Жомарт Кемелұлы, уақы­тыңыздың тығыздығына қара­мастан «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат беруге келіскеніңіз үшін риза­шылығымызды білдіреміз. Сіздің қоғамды толғандыратын мәселелер туралы пікіріңіз қазақ баспасөзі үшін өте маңызды. Сондық­тан түрлі тақырыпта өзіңізбен ашық әңгіме өрбіткіміз келеді. Өткен жыл несімен есіңізде қалды?

– Осы мүмкіндікті пайдаланып, барша отандасымды тағы да Жаңа жыл мей­рамымен құттықтаймын!

2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты. Былтыр 700-ге жуық ауыл әкімі сайланды.

Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыстық. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қол­дау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағ­дайында жұмыс істейтін азамат­тар үшін арнайы төлемақы енгі­зіл­ді. Табиғатты қорғауға жауапты ме­ке­мелердің қызметкерлеріне олар­дың өмірі мен денсаулығына төне­тін қауіп-қатерге қатысты үстеме­ақы төленетін болды. Медицина қыз­мет­керлерінің, мектепте, колледж­де және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өсті. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді. Негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескере отырып ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданды.

Осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасады. Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады.

– Ал жаңа жылдан не күтесіз? Елі­міздің алдында қандай міндеттер тұр?

– Мен өткен қыркүйектегі Жол­дауым­да жаңа экономикалық үлгіге көшеті­ні­мізді айттым, 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есеге арттыру мәселесін басты стра­те­гия­лық мақсат ретінде белгіледім. Көп ұзамай Үкіметтің кеңейтілген отыры­сы өтеді. Онда еліміздің был­тыр­ғы әлеуметтік-экономикалық даму қо­ры­тындысы шығарылып, алдағы жұмыстың амал-тәсілдері айқындалады.

Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды. Бұған дейін жаздыгүні шақырылып келе жат­қан Құрылтайдың отырысын биыл сәл ертерек, көктемде өткізетін шығармыз.

Осылайша, биыл экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстың негіз­гі бағыт-бағдары бірінші тоқ­санда-ақ айқындалады.

Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы сая­сатты жалғастырамыз. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқи­ға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріп­теу жағынан да, Ұлы даладағы көш­пенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз.

Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізе­ді. Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев­тың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақым­жан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл то­лады. Сонымен қатар тарихшы­лар­дың пайымдауынша, Жошы ұлысы­ның іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мем­лекет­­тілігі­міз­дің тамыры тым терең­де жатқанын әйгі­лейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеу­лер қолға алынады. Биыл Қазақстан тари­хының көптом­дығын әзірлеу жұмыс­тарын да аяқ­таймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмыл­дырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа.

Осындай маңызды оқиғалардан бөлек, күнделікті атқарылуға тиіс жұмыстар да аз емес. Бұл жылдың ел тарихында қандай орын алатыны барша азаматымыздың ерік-жігеріне де байланысты. Мен жаңажылдық құттықтауымда биыл бәріміз тұтас ұлттың өсіп-өркендеуіне куә болатынымызды айттым. Бірақ осы мақсатқа жету үшін біз бір ел болып, білек сыбана жұмыс істеуіміз керек.

– Қасіретті Қаңтар оқиғасынан бері тура екі жыл өтті. Қаңтар Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірге жол ашқан бетбұрыстың белесі болды. Сіз бұған дейінгі сөз­дері­ңізде, сұхбаттарыңызда сол қай­ғылы оқиғаға нақты баға берді­ңіз. Дегенмен, әлі де бірқатар сұрақ бар. Қаңтар оқиғасына әртүрлі түсініктеме беретіндер де кездеседі. Алмағайып күндерден бері біршама уақыт өтті. Қазір Сіз сол оқиғаны қалай сипаттар едіңіз? Оның басты себебі неде және оған не түрткі болды деп ойлайсыз?

– Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасі­ретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-эко­но­­микалық проблемалар, жалпы тоқы­раудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт.

Мен 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз сая­си жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысты. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, менің ұсы­нысыммен арнайы құрылған Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің отырыс­тарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды.

Ашығын айтсам, осы жаңа бағдары­мыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады.

Жоғары лауазымды тұлғалардан тұра­тын бұл топтың күштік құрылым­дарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билік­ті күшпен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олар 2021 жылдың ортасына таман да­йын­дыққа кіріскен. Сосын Үкімет сұйы­тылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқық­тық негізі жоқ шешім қабылда­ды. Маң­ғыстау облысында арандатушы­лар­дың айтағына ілескен жұрт шеруге шықты.

Сол кезде Үкімет менің тапсырмаммен арнаулы комиссия құрды. Оның мүшелері қоғам өкілдерімен кездесіп, ортақ мәмілеге келу үшін бірден ай­маққа барды. Бірақ наразылық шеру­лері экстремистік сипат алды. Оны қас­көйлер дереу өз мүддесіне пайдаланды.

Бас прокуратураның тергеуінен қаңтар оқиғасының бірнеше толқын­мен өрбігенін көруге болады.

Шерулер алдымен Маңғыстау облысында басталды. Көп ұзамай басқа да өңірлерге жайылды. Орталық билік және әкімдіктер жағдайды реттеуге тырысқанымен, ел ішіндегі ахуал шие­­ленісіп кетті. Ортақ мәмілеге келу үшін жүргізілген келіссөздер мен диа­ло­г­ке толқуды ұйымдастырушылар еш мойын бұрмады.

Көптеген аймақта алғашқы қақты­ғыс­тар басталды. Мұның бәрі арнайы дайындалған жансыздары арқылы жағдайды одан әрі ушықтыруға тырысқан қаскөйлер үшін «іздегенге сұраған» болып шықты. Осындай аса күрделі жағдайдың өзінде құқық қорғау органдары күш қолданбай, сабыр сақтады. Бұл – екінші толқын.

Жетекшілері ымыраласқан топтың айтқанын екі етпейтін және лаңкес­тер­мен, оның ішінде сырттан келген лаң­кестермен байланысы бар қыл­мыс­тық топтар өршелене іске кіріс­кенде үшінші толқын басталды. Олар арнаулы технологияны, арандатушылар мен қарақшыларды пайдаланып, бейбіт шерулерді жаппай тәртіпсіздікке ұластырды. Ұрып-соғу, қирату, өртеу, өзгенің мүлкін қасақана жою белең алды. Дүрбелең кезінде қарулы радикалдар мен лаңкес­тер бір мезетте, бір ғана бұйрықпен мем­лекеттік органдардың және күштік құрылымдардың ғимараттарына, қару-жарақ дүкендеріне, құқық қорғау мекемелері мен әскери бөлімдердің қоймаларына шабуыл жасады. Мұндай оқиға Алматыда ғана емес, бірқатар облыс орталығында да болды. Қаңтар оқиғасы кезінде үш мыңнан астам қару қолды болғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде автомат, пулемет, тіпті гранатомет және басқа да атыс құ­ралдары бар. Оған қоса, көлік ин­ф­ра­құрылымы және телекоммуникация ны­сандары шабуылға ұшырады. Қарақ­шылар мен лаңкестер өзара ұйым­дасып, бір-бірімен тығыз байланыста әрекет жасағанын тағы да қайталап айтқым келеді.

Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топ­тар және әсіре діншілдер бірге қи­мылдады. Олардың мақсаты ел іші­не үрей туғызу, мемлекеттік инс­ти­тут­тардың қызметін тұралату, конс­ти­туциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді.

Сол кездегі ахуал өте күрделі болды, еліміз құрдымға кетуге шақ қалды. Бұған жол бермеу үшін барлық іс-әрекетті күндіз-түні және сағат сайын тікелей өзім бақылап отырдым. Ішкі істер министрлігі арқылы Ақорда резиденциясына түрлі шабуыл жасалғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады деген ақпарат жетті. Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді.

– Қазақстанға Ресейдің әске­ри қызметшілерін шақыру қанша­лықты дұрыс шешім болды? Біздің мем­лекетті сол кезде Ресей құт­қарып қалды деген пікір көрші елде жиі айтылады.

– Аймақтарда жаппай тәртіпсіздік белең алып, жергілікті билік дәрменсіздік танытқанда, Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну туралы шешім қабылдады. Қазақстан оның бітімгерлік күштерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана қысқа мерзімге енгізуді сұрады. Бұл жерде мына жайтқа баса мән беру керек. Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік.

Сол кезде осы ұйымның төрағасы Армения еді. Биыл ҰҚШҰ-ға Қазақ­стан төрағалық етеді. Құрылым жасағы, шын мәнінде, бітімгерлік рөл атқа­рып, қасіретті күндерде елді жайла­ған жүгенсіздікті тоқтатуға септігін тигізді. Ұйымға мүше-мемлекеттермен келісілгендей, бұл бітімгерлік күштер алдын ала ешқандай талап қоймастан, оның үстіне мерзімінен бұрын Қазақстаннан сыртқа шығарылды.

ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкес­тікке қарсы операцияларға қатыс­қан жоқ, бірде-бір оқ атқан жоқ. Армения жасағы «Ақсай» нан зауытын және «Алматы су» мекемесін, Беларусь жасағы Жетігендегі аэродром­ды, Тәжік­стан мен Қыр­ғыз Респуб­лика­сының әскери қызметшілері Алматы қаласының бірінші және екінші жылу электр орталықтарын, Ресей жасағы үшінші жылу электр орталығы мен телекоммуникация нысандарын күзетті. Осы маңызды нысандарға лаңкестік шабуылдар жасалуы мүмкін деген қауіп болды. Сондықтан бітімгерлік күштер соларды күзетуге жіберілді. Ең бастысы, сол арқылы өз күштерімізді лаңкестікке қарсы операцияға жұмыл­дыруға мүмкіндік туды.

– Демек бұл жүзеге аспай қал­ған мемлекеттік төңкеріс қой. Ендеше Қаңтар оқиғасын халық көтерілісі, тіпті революция деп атап жүргендерге не айтар едіңіз?

– Бастапқыдағы бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке, өртеу мен қиратуға ұласқан қайғылы оқиғаларға бүкіл әлем куә болды. Кім бейбіт шеру­ге автомат, тапанша және суық қару ұс­тап барады?! Ниеті дұрыс адам әске­ри қызметшілерді ұрып-соғып, өлтіре ме, оларды тірі қалқан етіп, әкім­шілік ғимаратқа шабуыл жасай ма?! Бейбіт шеруде дүкендер мен банктер қиратылып, тоналып, көліктер өртеле ме?! Билік органдарының ғимараттары мен полиция бөлімдеріне жасалған шабуылды айтпай-ақ қояйын. Осындай жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан үш миллиард долларға жуық шығын келді.

Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қыл­мыс­тық әрекеттерді ақтау үшін айтылу­да. Барып тұрған бұзақыларды ба­тыр­ға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңар­жақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады. Мұндай әңгімелер – ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар. Бұл – өте қатерлі үрдіс. Сондықтан осындай жүгенсіздікті сынға алу мәселесіне келгенде мемлекет пен қоғамның ұстанымы ортақ болуы керек. Мен бұған сенімдімін.

– Онда азаматтар биліктің іс-әре­кеті ұнамайтынын қалай білдіре алады?

– Елімізде биліктің іс-әрекетіне жария түрде келіспеушілік білдіруге толық мүмкіндік бар. Азаматтар өзін толғандыратын мәселе туралы ашық айта алады. Мен мемлекеттік органдардан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, қоғамның пікірімен санасуды талап етіп келемін. Елімізде бейбіт жиналыстарды реттейтін демократиялық сипаттағы заң бар. Жақында петиция­ларды тапсыру және қарау тәртібін реттейтін заң қабылданды.

Сондықтан бір нәрсені анық білуге тиіспіз. Бейбіт шеруге тыйым салынбайды, ал жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қатаң тосқауыл қойылады. Елімізде заң мен тәртіп қана үстемдік құруға тиіс. Бұл – мен үшін мызғымас қағида. Демократияның бесігі саналатын батыс елдеріне қара­ңыздар, ешкім де көшеде жаппай тәртіп­сіздік жасаған, мемлекеттік орган­дарға шабуылдаған адамның маң­дайы­нан сипап, өбектеп отырмайды.

Полиция жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларды, яғни биліктің заңды талаптарына қарсы шығуға үндеген, қару-жарақ әкеліп таратқан, жағдайды ушықтырып, адамдарды күш қолдануға, маңайдағының бәрін қиратуға, өртеп-талқандауға азғырған адамдарды анықтап, әшкереледі. Ал тәртіпсіздікке кездейсоқ қатысқан, білместікпен арандап қалған адам­дар­дың бұзақыларға қатысы жоқ. Оларға менің бастамаммен рақым­шылық жасалды. Бұған дейін соттал­ған 1205 адамның 1095-і осы рақым­шылыққа ілікті. Ал жаппай тәртіп­сіздік­ті ұйым­дастырғандар мен лаңкес­тік әре­кеті, мемлекетке сат­қынды­ғы, билік­ті күшпен басып алуға тырыс­қаны және басқа да ауыр қыл­мыс жасағаны үшін сотталғандар жазасын толығымен өтейтін болады.

– Келесі сұрақ сізге ұнамауы мүмкін. Бірақ бұл сауалды қой­мас­қа тағы болмайды. Сіз 2019 жылы Президент лауазымына сайланғаннан кейін елімізде қосар­ланған билік жүйесі қалыптасты-мыс деген сөз тарады. Кейбіреулер біздің саяси жүйемізді Иранның, Сингапурдың жүйесімен салыстырды. Шынымен де, сол кезде елімізде екі билік орталығы орнағандай көрінді. Расымен солай болды ма?

– Төтесінен қойған сұрағыңызға тура жауап берейін. Конституцияға сәйкес, Президент еліміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, мемлекетіміздің жоғары лауазымды тұлғаларын, Қарулы Күш­теріміздің жоғары басшылығын тағайын­дайды және оларды қызметі­нен босатады. Сондай-ақ Мемлекет бас­шысы еліміздің Жоғарғы Бас Қол­бас­шысы саналады.

Алайда бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді.

Мұны аз десеңіз, дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды. Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-тал­қа­нын шығара жаздағанын ашық айттым.

Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. «Кеттің бе – қайы­рыл­ма!» Болашақта ел тізгінін ұс­тайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс.

Өкінішке қарай, ішкі саяси дағ­дарысқа байланысты туындаған сын сағатта негізгі құқық қорғау органдары басшыларының бетпердесі сыпырылып, олардың кәсіби біліксіздігі, қала берді сатқындығы әшкере болды.

Ата заңға сәйкес жұмыс істейтін орнықты әрі тиімді мемлекеттік институттар жүйесін құру ауадай қажет екені Қаңтар оқиғасынан айқын көрінді. Біз бір ел болып, бұл дағдарысты ең­­сер­дік, қиындыққа қасқая қарсы тұрып, одан тіпті шыңдалып шық­тық. Азаматтарымыздың бекем бірлі­гінің және барлық деңгейдегі билік өкілдерінің батыл іс-әрекеті­нің ар­қасында алапат апаттың бетін қай­тарып, елдегі ахуалды тұрақтандыра алдық. Кейін кейбір қаскөйлер тергеу кезінде халық жауапты сәтте жұды­рықтай жұмыла біледі, билік қандай қатерге де қаймықпай төтеп бере алады деп еш күтпегенін мойындады.

– Қаңтар оқиғасынан кейін Сіз түбегейлі саяси реформаларды жүзеге асыруға кірістіңіз. Оны Батыс та мойындап отыр. Енді кеше­гі күнге оралмайтынымыз­ды аңғартатын «асудан» астық деу­ге бола ма? Қайтадан кері кетпей­тінімізге қандай кепілдік бар?

– Мен саяси реформалардың 2019 жылы басталғанын айтып өттім. Сол кезде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Кеңесте маңызды заңнамалық бастамалар әзірленіп, жүзеге асырылды. Сайлау, саяси партиялар, Парламент туралы заңдарға елеулі өзгерістер енгізілді. Елімізде олигополияның диктатурасы туралы алғаш рет ашық айтыла бастады.

Бұл өзгерістер саяси және эконо­микалық монополия үстем­дік құрып тұрған кезде жалғанды жалпағынан басып жүргендерге қауіп төндірді. Сондықтан олар уақыт тегершігін кері айналдырып, бұрынғы күніне оралу үшін жанталасып бақты. Бұдан еш нәтиже шыққан жоқ.

Қаңтар оқиғасынан кейін бәзбі­реу­лер «енді билік қылбұрауды қатайтып, режімді сақтап қалу үшін барын салады» деп қауіптенді. Бірақ біз керісінше жасадық. Күрделі болса да, дұрыс жолды таңдадық.

Саяси жаңғыру үдерісі 2022 жылы тың қарқынмен жалғасты. Рефор­маның басты міндетінің бірі барынша әділ әрі теңгерімді саяси жүйе құру болды. Оған қоса, ат басын артқа бұру, яғни саяси өзгерістерді кері қай­тару мүм­кін болмайтындай, сонымен бірге реформалар қоғамдық өмірдегі қалыпты құбылысқа айналатындай ахуал қалыптастыру маңызды еді. Сол үшін конституциялық реформа аясында кертартпалыққа бірқатар тосқауыл қойылды.

Біріншіден, біз Ата заңның үстемді­гін қамтамасыз ететін, конститу­ция­лық бақылауды жүзеге асыратын жоғары орган – Конституциялық Сотты қайта қалпына келтірдік. Біреу­лерге Конституциялық Кеңестің аты ғана өзгергендей көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, оның заты түбегейлі өзгерді.

Конституциялық Сот шешімдерінің күшін ешкім жоя алмайды. Оның шешім­деріне, соның ішінде азаматтар­дың конституциялық құқықтарына қатыс­ты байламдарына күмән келтіру­ге, Президенттің де еш қақы жоқ.

Ата заңға енгізілуі мүмкін кез келген өзгеріс пен толықтыру Конституциялық Соттың оң қорытындысы болса ғана республикалық референдумға немесе Парламенттің қарауына шығарылады.

Конституциялық Сотта он бір қазы бар екені белгілі. Соның алтауын, яғни көпшілігін, Парламент палаталары тағайындайды. Ал төрағасын Пре­зидент тағайындағанымен, мін­детті түрде Сенаттың келісімі қажет.

Екіншіден, негізгі ұстанымдар Конституцияда нақты айқындалып, біржола бекітілген. Мысалы, Ата заң­ның 91-бабына сәйкес, Конституцияда белгіленген мемлекеттің тәуелсіздігі, біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің түбегейлі принциптері және осы жерде айрықша атап өтейін, Президент жеті жыл мерзімге бір рет қана сайланады деген ереже еш өзгермейді.

Үшіншіден, реформалардың нә­ти­жесінде Мәжіліс жаңа сайлау жүйе­сімен, яғни партиялардың тізімі және бірмандатты округтер арқылы жасақ­талатын болды. Мәжілістің өкілеттігі де айтарлықтай кеңейді.

Бір сөзбен айтсақ, ескі жүйе келмеске кетті. Қазақстандағы саяси реформалар жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болды деп сеніммен айта аламыз. Мұның еліміз үшін айрықша маңызы бар. Себебі ұлттың саяси сана-сезімі түбегейлі өзгерді. Жұрт­тың құқықтық сауаттылығы мен бел­сенділігі демократиялық жаңғырудың басты кепіліне айналды. Тоқетерін айтсақ, кері кетуге халықтың өзі жол бермейді және елге жаңа леп әкелген осы өзгерістерді табандылықпен қорғайды. Мен бұған бек сенімдімін.

– Дегенмен, билікті сынап жүргендер, оның ішінде Батыстың өкілдері де, Қазақстанда әлі күнге дейін саяси тұтқындар бар деп жатады. Бұған не дейсіз?

– Саяси қудалау бар деп айту үшін цензура, арнаулы заңдар мен жазалау­шы органдар болуы керек. Қазіргі Қазақстанда мұның ешқайсысы жоқ. Біздің заңнамамызда азаматтарды сая­си көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ.

Керісінше, реформалардың нәтиже­сінде адам құқықтарын қорғау жүйесі нығая түсті. Заңдарға қазылардың тәуел­­сіздігін күшейтетін түзетулер енгі­зіл­ді. Алқа билердің қарауына жата­тын істердің аясы кеңейді. Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл институты толық жұмыс істеп тұр. Оған конс­ти­туциялық мәртебе берілді. Мен был­тыр желтоқсан айында адам құқық­тарына қатысты екінші Жарлыққа қол қой­дым. Мұның бәрі осы салада дәйекті әрі түбегейлі өзгеріс жасалып жатқанын көрсетеді.

Мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтіксіз орында­луын, тәр­тіптің қатаң сақталуын толық қам­тамасыз ету. Сондықтан заң бұзған кез келген адам жауапқа тартылады. Ал заң мен тәртіпті сақтау мәселесіне азаматтардың идеологиялық ұстанымы мен саяси көзқарасының еш қатысы жоқ. Заң бәріне ортақ.

Кейбіреулер прокуратура орган­дарының ескертуіне қарамастан, адам түсініп болмайтын кесірлік көрсетіп, заң бұзады. Ондай адамдар өзін заңнан жоғары қойып, «Атың шықпаса, жер өрте» деген ұстаныммен елге танымал болғысы келетін сияқты.

Көптеген тәуелсіз бұқаралық ақпа­рат құралы жұмыс істеп тұрған, сая­си цензура атымен жоқ елде саяси қуда­лау бар деу қаншалықты орынды?

Ол аз десеңіз, жаңа заң қабылданып, бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алудың орнына хабарлау тәртібі енгізілген соң, Қазақстандағы бейбіт жиындардың саны еселеп артты.

Мен түйткілдердің түйінін айқай-шумен алаңда емес, диалог үшін арнайы құрылған орындарда, ең алдымен, Парламентте өркениетті жолмен, салиқалы түрде тарқату керек деп үнемі айтамын.

Қазір Парламентте түрлі көзқарас­тағы қоғам өкілдерінің мүддесін білдіретін сан алуан саяси күштер бар. Парламенттік оппозиция институты заң жүзінде бекітілді.

Соңғы сайлауда Мәжіліске алты партия өтті. Оның үшеуі алғаш рет депутаттық мандатқа ие болды. Тіпті қазір Парламентте отырған партияның бірі – әуел бастан оппозициялық ұстанымдағы ұйым.

Көптеген шетелдік сарапшылар мен әріптестер, соның ішінде Батыс елдерінің мамандары, Қазақстандағы демократиялық реформалардың озық үлгіде екенін айтып, оған қолдау біл­діріп отыр. Шынымен де, біз геосая­си төңірегімізде ауқымды демо­кра­тиялық өзгеріс жасап, адам құқықтарын қор­ғау ісінде зор табысқа жеткен бірден-бір елміз.

– Әлеуметтік желіде Президент Конституцияға қатысты референдум өткізіп, 2026 жылы тағы да сай­лауға түсуді жоспарлап отыр деген қауесет тарап жатыр. Бұл рас па?

– Бұл – жалған ақпарат. Бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайды. Ал осындай маңызды мәселеге келгенде, тіпті мүмкін емес. Мен бұған нық сенімдімін. Конституциялық реформа Ата заңға қалай болса солай өзгеріс енгізе беру үшін жасалған жоқ.

Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді. Бұл талап мемлекетіміздің тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны туралы нормалар сияқты мызғымастай етіп бекітілген.

Ақыры осы тақырып қозғалған екен, бұған қатысты кейбір жайтқа кеңірек тоқталып, мән-жайын аша кетейін. Мен жетіжылдық бір ғана мерзім туралы идеяны осыдан 15 жыл бұрын жабық пікірталастарда айтып жүрдім. Сол кезде ұсыныс аса қолдау таба қоймады. Өзім Президент болып сайланғаннан кейін, осы бастамамның артықшылығы мен кемшілігін әбден салмақтап, оны қалай жүзеге асыруға болатыны жөнінде көп ойладым.

Суперпрезидентке тән өкілет­тік­терді жою үшін 2022 жылы Консти­туцияға бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Мен сол кезде жетіжылдық бір мерзім идеясын қайта ұсындым. Бастамама бүкіл халық қолдау білдірді. Осымен бұл әңгіме тәмам.

– Экономика тақырыбына ойыссақ. Сіз былтырғы Жолдауы­ңыз­да Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдарын жария­ладыңыз. Онда 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көле­мін екі есе арттырып, 450 миллиард долларға жеткізу көзделген. Алайда Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің болжамдарына сенсек, 2023-2024 жылдары ел экономикасының өсімі 3-4 па­йыз­дан аспайды. Мұндай қарқынмен мақсатқа жете аламыз ба?

– Әрине, бұл – жетуге болатын меже. Халықаралық валюта қорының сарапшылары 2023 жыл­дың қорытындысы бойынша Қазақ­станның Ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асады, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артады деп бағалап отыр. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары ақшалай өсім. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім де өсіп келеді. Бұған қатысты болжамды көрсеткіш былтыр 13 мың долларға жуықтады.

Оның жыл сайынғы өсімі 1,6 мың доллар болады деп бағалануда. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш отыз пайыздан да көбірек артып, 16,8 мың долларға жетеді.

Шын мәнінде, мен үшін макроэко­номикалық көрсеткіштер сонша­лықты маңызды емес, азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ.

Халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Үкімет экономиканы басқарудың тың тәсілдерін қолдана алса, жаңа айтылған жақсы болжамдар ақиқатқа айналады. Осы орайда негізгі екі бағытқа тоқталайын.

Біріншіден, еліміздің өркендеуіне жол ашатын бірқатар нақты міндетті шешу қажет. Сондай міндеттің бірі – ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру. Қыркүйектегі Жолдауда Үкімет­ке мұндай жобаларды анықтау және Инфрақұрылымды дамыту жос­парын әзірлеу туралы тапсырма бе­рілді. Бұл жобалар ірі бизнес өкілдері­мен, институционалды инвесторлар­мен және сарапшылармен бірге пысық­талып, нақты жұмыс жасалып жатыр.

Тағы бір маңызды міндет – инвестиция тарту. Бұл міндетті орын­дау­ға жекешелендіру және активтер­ді қайтару науқандары да септігін тигізеді. Қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдейе түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Осы орайда мен жақында Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл штабқа еліміздегі инвес­тициялық ахуалды жақсарту және инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру үшін ауқымды өкілеттік берілген.

Екінші бағыттағы жұмыс экономи­ка­ның барлық саласына қатысты «ойын тәртібін» белгілейтін жүйелі рефор­маларды жүзеге асыру шараларын қамтиды.

Менің тапсырмаммен Үкімет мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексін әзірлеп жатыр. Салық жүйесін жетілдіргенде тек төлем жинау тәсілімен шектеліп қалмау өте маңызды. Бір жағынан, инвесторларға қолайлы жағдай жасау керек. Екінші жағынан, бюджет кірісінің азайып кетпеуіне мән берген жөн. Яғни таразы басын тең ұстау қажет.

Жаңа Бюджет кодексі де – өте маңызды құжаттың бірі. Біз «қазына қаражатына» деген көзқарасымызды өзгертіп, оны тиімді, жөнімен әрі үнемдеп жұмсауға тиіспіз.

Бұл ретте мемлекеттік сатып алу ісін және мемлекет пен жеке сектордың серіктестігін реттейтін жаңа заңдар елеулі рөл атқарады. Осы құжаттар мем­лекеттік сатып алу ісінің ашық болуын да қамтамасыз етеді. Сондай-ақ экономиканы дамытуға қажет­ті қаражат қорын қалыптастыруға септігін тигізеді.

Квазимемлекеттік сектордың тиім­ділігін арттыруға көп көңіл бөлу қажет. Қазір бұл секторды жаңғырту шара­лары айқындалып, іске асырылып жатыр.

Сіздің сұрағыңызға жауап бере отырып, мына мәселеге назар аударғым келеді. Әлемдегі эко­номикалық ахуал біздің елге де салқынын тигізетіні сөзсіз. Алайда кез келген қиындық жаңа мүмкіндікке жол ашады. Үкіметтің жел қайдан соқса да желкенді өзіне оңтайлы бұра алатындай, жан-жақты ойластырған жоспары болуға тиіс. Экономиканың өсімін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформалар қатар жүруі керек. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау, әділ сот төрелігі болуы өте маңызды. Сонда ғана көздеген мақсаттарымыздың бәріне қол жеткізіп, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз.

– Несиесін өтей алмай жүрген адамдар біздің газетімізге жиі хат жазып, қоңырау шалады. Жалпы, халықтың қарызға батуы күрделі мәселе болып тұр. Осы мәселені шешу үшін не істеліп жатыр?

– Мен азаматтарымыздың қарыз­ға белшеден батқанына қатты алаң­даймын. Себебі бұл мәселе жұрттың әлеуметтік жағдайына және еліміздегі қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Мен 2019 жылы Мемлекет басшысы ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы Жарлық еді. Сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Бұл бірреттік шара болатын. Ал 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Мұның бәрі мәселенің ушығып кетпеуіне ықпал етті. Осы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін былтырғы Жолдауымда Үкіметке тың шараларды қолға алуды тапсырдым.

Негізінен, бұл жағдайға жұрттың қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп болып отыр. Екінші жағынан, тұтыну несиесін беру тәртібін және коллектор ұйымдарының қызметін қатаң реттеу керек.

Сол үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. Мысалы, соңғы жылдары банктер мен микрокредит ұйымдарына қойылатын тұтыну несиесі капиталының көлеміне қатысты талаптар бес есе күшейтілді. Төлеу мерзімі өтіп кеткен берешегі бар адамдарға несие беруге тыйым салынды. Сондай-ақ қарызын уақтылы өтей алмаған борышкерге 90 күннен әрі айыппұл салуға болмайды. Коллектор агенттіктеріне тұрақты тексеру жүргізіледі.  

Борышкерлер құқығын қорғау үшін несие беру туралы заңнамаға ен­гізілетін түзетулер әзірленді. Бұл өз­герістер банктерге, микрокредит ұйым­­дарына және коллектор агент­тік­теріне талапты одан да күшейте түседі. Несиелерді коллектор компаниялары­на сатуды шектеу ұсынылады. Коллек­тор компания­лары қарызды өзіне ал­ған соң мәселені реттеп көруге мін­дет­ті болады. Банк омбудсменінің өкі­лет­тігі де кеңейтіледі. Қазір бұл құжат­ты Мәжіліс депутаттары қарап жатыр. Мен бұл бас­таманы қолдауға дайынмын.

– Қазір көптеген отандасымыз қымбатшылық белең алғанына, тариф­­тердің өсіп жатқанына, жұмыс­­сыздық мәселесінің шиеленіс­кеніне және аймақтардағы жалпы ахуал­ға алаңдап отыр. Күнделікті күйбең­нен және аяқ астынан туындай­тын түйт­кілдерден бас көтере алмай жат­қан қазіргі Үкіметтің стратегия­лық міндеттерді іске асыруға қау­қа­ры бар ма? Сіз Үкімет жұ­мы­сы­ның тиімділігіне қандай баға бересіз?

– Кез келген елдің Үкіметі страте­гия­­лық міндеттері мен күнделікті жұ­мы­сын қоса атқарады. Бізде де солай. Ең бастысы, тиімді жоспарлау және ресурстарды орынды пайдалану керек.

Үкіметтің қазіргі құрамы былтыр көктемде ғана жасақталды. Конституциялық реформа жасалып, Парламент сайлауы өткен соң алдыңғы Парламенттің де, Үкіметтің де мандаты күшін жойды. Конституцияға сәйкес бұрынғы Үкімет жаңадан сай­ланған Мәжіліс депутаттарының алдында өз өкілеттігін тоқтатты. Сай­лауда ең көп дауыс алған «Amanat» партиясы Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынды. Әрине, партия мұны Президентпен ақылдаса оты­рып жүзеге асырғанын жасырмай­мын. «Amanat» партиясының сайлау ал­дындағы тұғырнамасының экономи­каға қатысты бөлігі қазіргі Үкіметтің бағдарламасы негізінде жасалды.

Бүгінде Үкіметтің өкілеттігі айтар­лық­тай кеңейді. Қыркүйек айында құры­лымы өзгерген Президент Әкім­шілігі еліміздің әлеуметтік-экономи­калық дамуына қатысты стратегиялық бағыттарға баса назар аударатын болды. Енді Әкімшілік бұрынғыдай Үкіметті, кейбір министрліктер мен ведомстволарды жетелеп жүрмейді. Президент Әкімшілігі атқарушы биліктің қызметіне араласпай, бас­ты саяси штаб ретінде ғана жұмыс істейді. Осыған дейін екі органның да құзырында болған бірқатар өкілеттік Үкіметке берілді. Түрлі салаға қатысты шешім қабылдау құқығы Үкіметке және басқа да жауапты органдарға өтті. Аймақтардың бюджетке қатысты дербестігі арта түсті.

Бір сөзбен айтсақ, қазір Үкіметтің өнімді жұмыс істеуі үшін мүмкіндіктері жеткілікті. Атқарушы билікке жан-жақты ойластырылған іс-қимыл стратегиясы және өз міндетін тиімді жүзеге асыруға деген ынта-жігер ғана қажет. Дербестікке және қосымша өкілеттікке ие болуға ұмтылған Үкімет қалағанын алды. Бірақ «алмақтың да салмағы бар», оларға қойылатын талап та күшейді. Үкімет мұны түсінуге тиіс.

– Еліміздің отын-энергетика кешені мен коммуналдық шаруа­шылығының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – Үкіметтің міндеті. Қазіргі Үкімет бұл міндетін әупірімдеп, әрең атқарып отыр деу­ге болады. Апаттардың салдарымен күресіп, қыстың көзі қырауда еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендерді жылумен, жарықпен, сумен шұғыл қамтамасыз етуге тура келеді. Қалайша осындай жағдай қалыптасып отыр?

– Жылу электр орталықтарын­дағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мүшкіл ахуал – көп жылғы салғырттықтың салдары. Осы саладағы түйткілдер бір күнде аяқ астынан пайда бола қалған жоқ. Оның бәрі жылдар бойы қордаланған мәселелер екені баршаға мәлім. Өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 пайызы әбден тозған. Өткен жылдарда коммуналдық шаруашылыққа салынған инвестиция бұл саланың қажетін өтеуге жеткіліксіз болды.

Электр энергетикасы нысандарында болып жататын кішігірім оқиға­ларды дардай қылып көрсетіп, жылу­мен қамтамасыз ету ісіндегі бол­машы олқылықты «қасіретке айналдыруға» ұмтылатын әлеуметтік желідегі белсенділер отқа май құйып, елді дүрбелеңге салып жүр.

Бүкіл Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту – өте ауқымды әрі күрделі міндет. Бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр. Көктем-жаз айларында Үкімет пен әкім­­діктер жылу маусымына дайын болу үшін біраз жұмыс жасады. Жағ­дайы сын көтермейтін бірқатар нысанды жөндеді.

Ең алдымен, күрделі апаттардың алдын алып, үйлерге жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету керек. Бірақ жаңа қуат көздерін ашу, желілерді біртіндеп жаңарту және коммуналдық саланы түгел жаңғырту басты міндет екенін ұмытпаған жөн.

Қазір жылу желілері әрең жұмыс істеп тұр. Үкімет пен әкімдіктер батыл қимылдап, қажетті шараларды дереу қолға алуы керек. Онсыз болмайды.

– Мұның бәрі еліміздегі энергети­калық қауіпсіздік нысандарының жай-күйі көңіл көншітпейтінін білдіреді. Сіз Жолдауыңызда АЭС салу-салмау мәселесі жалпыхалықтық референдум арқылы шешіледі деп мәлімдедіңіз. АЭС «жасыл» энергия саналғанымен, қоғамда бұған қатысты әртүрлі пікір айтылып жүр. Мұндай нысан салу туралы жоспардың геосаяси астары да жоқ емес. Сіздің ұстанымыңыз қандай?

– Қазақстан үшін таза атом энер­гиясы­ның мәні зор. Бұл – ел эконо­ми­касының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіре­міз. Сол себепті мен еліміздің аума­ғында АЭС салу жайына айрықша мән бе­ремін. Түптеп келгенде, энергети­ка қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүд­де емес, нақты қажеттілік пен мүмкін­дік­тер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн.

Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіре­тін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күр­делі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды.

Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құры­лысына қатысты мәселені жалпы­халық­тық референдумға шығаруды ұсын­дым. Халқымыз үшін аса маңыз­ды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны 2019 жыл­ғы сайлау алдындағы бағ­дар­ла­мамда нақты көрсетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз – осы.

Болашақта әлі талай қоғамдық талқылау өткізіледі. Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді.

– Былтыр сыртқы саясат саласында ауқымды жұмыс атқарылды. Қазақстан түрлі саммиттер мен форумдарда өз ұстанымын барынша салмақты жеткізе білді. Сіз әлемдік деңгей­дегі көшбасшылармен көпте­ген кездесу өткіздіңіз. Әсіре­се, өңір­лік «С5+» үлгісіндегі басқосу­лардың маңызы арта түсті. Мұ­ның бәріне Сіздің әлемдік диплома­тия­дағы абырой-беделіңіз де белгілі бір дәрежеде ықпал еткені анық. Алда­ғы уақытта сыртқы саясатымызда қандай айтулы оқиғалар болмақ?

– Қазақстан тиімді әрі салиқалы сыртқы саясат жүргізу арқылы өзінің ұлттық мүддесін қорғап, стратегиялық міндеттерін орындап келеді. Біздің өзгермейтін мақсат-мұратымыз бар. Бұл – еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтас­тығын сақтау, Қазақстан азамат­тарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, экономикамыздың орнықты дамуына барынша қолайлы жағдай жасау. Мен он жыл Сыртқы істер ми­нистрі болғанда осы басымдық­тарды айқындауға тікелей атсалыс­тым. Қазіргідей аумалы-төкпелі гео­саяси жағдайда бізге шетелдік серік­тес­теріміздің бәрімен, әсіресе, көрші­лерімізбен өзара тиімді ынтымақ­тастықты дамыту маңызды.

Сіз «С5+» үлгісіндегі ықпалдастық­тың өзектілігі артып келе жатқанын дұрыс аңғардыңыз. Орталық Азия – геосаяси ахуалға қатысты өз пайымы бар әрі қарқынды дамып жатқан аймақ. Бүгінде бұл өңір сауда, инвес­тиция, бизнес, инновация үшін жаңа мүмкіндіктер орны болып отыр. Сол себепті әлем елдері Орталық Азияға айрықша назар аударуда. «С5+» үлгісі маңызды диалог алаңына айналды.

Тұрақты әрі өзара сенімге негіздел­ген жоғары деңгейдегі диалогтер болмаса, аймақтағы мемлекеттердің басқа да ықпалды елдермен қарым-қаты­насын қарқынды дамытуы неғай­был еді. Соңғы жылдары бұл бағыт­та біршама ілгерілеу бар. Әсі­ресе, Орта­лық Азия мемлекеттері басшы­лары­ның жыл сайынғы консуль­татив­тік кездесулері нәтижелі өтіп келеді. Айтпақшы, Қазақстан төраға ретін­де биыл да осындай үлгідегі кез­десу ұйымдастырады. 2024 жылы еліміз өңірлік және халықаралық деңгей­дегі бірқатар ықпалды ұйымдар мен бір­лестіктерге төрағалық ететінін жаңа ғана айтып өттім.

Тағы бір маңызды шара – Астана халықаралық форумы. Биылғы мау­сым айында өтетін алқалы жиынға әлемнің көптеген көшбасшысы мен жаһандық деңгейдегі компаниялардың жетекшілері қатысады. Жиында кли­мат­тың өзгеруі, азық-түлік тапшы­лығы және энергетикалық қауіпсіздік сияқты барша елдерге ортақ мәселелер талқыланады.

БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Франциямен бірлесіп «One Water Summit» халықаралық форумын өткізу туралы уағдаластықтың мән-маңызы зор. Бұл басқосу климаттың өзгеруіне қатысты жаһандық қозғалысқа сүбелі үлес қосатын жиын болмақ.

– 2024 жылдың наурыз айында Ресей­де президент сайлауы өтеді. Бұл оқи­ға жаһандағы және аймақ­тағы ах­уалға қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Биыл Ресейде ғана емес, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Үндістанда, Әзер­байжанда және басқа да мемлекеттерде сайлау өтеді. Сондай-ақ Еуропарламент депутаттары сайланады. Әрине, біз осы сайлау науқандарын жіті бақылап отырамыз.

Ресейде өтетін президент сайлауы­ның біз үшін мәні зор екені сөзсіз. Өйткені Астана мен Мәскеу арасында өте жоғары деңгейде қарым-қатынас орнаған. Ресей Қазақстанның негізгі серіктесі әрі одақтасы екені бар­шаға аян. Өткен отыз жылда мем­лекет­аралық байланыстардың іргесі беки түсті. Екі ел арасында 300-ден астам шарт пен келісім жасал­ған. Бар­лық саладағы екіжақты ынтымақ­тас­­тық тетіктері жұмыс істеп тұр. Жоға­ры деңгейдегі саяси диалог қарқын­ды дамып келеді. Біз көпжақты құрылымдар аясында, сондай-ақ өңірлік тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында ықпалдаса әрекет етеміз.

Былтыр Владимир Путин Қазақ­станға ресми сапармен келді. Бұл екіжақты қатынасты жандандыра түскен негізгі оқиғалардың бірі бол­ғаны анық. Біз келіссөз барысында мемлекеттеріміздің стратегиялық серіктестігі мен қарым-қатынасы шынайы достық сипатынан айнымайтынын тағы да нақтыладық.

Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Екі елдің та­уар айналымы 2023 жылдың бастапқы 10 айында 21,4 миллиард доллар болды. Өйтетін жөні де бар, біздің шекарамыз құрлықтағы ең ұзын шекара саналады.

Ғылым-білім және мәдени-гумани­тарлық саладағы қарым-қатынасты нығайтуға әрдайым айрықша мән бері­леді. Биыл орыстың ұлы ақыны Алек­сандр Пушкиннің туғанына 225 жыл толады. Бұл – Ресей ғана емес, Қазақ­стан үшін де маңызды оқиға. Өйт­кені Пушкин – хәкім Абай сияқты, қос ха­лықтың достығы мен мәдени байла­ныстарының басты символының бірі.

Ресей Федерациясының әлемдік сая­сатта аса маңызды рөл атқараты­нын және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі екенін ұмытпаған жөн. Ресей Президенті Владимир Путин – сөзімен де, ісімен де жаһандық ахуал­ға ықпал ететін тұлға. Ресейдің ұста­ны­мымен бүкіл әлем санасатыны жа­сырын емес. Бұл мемлекеттің қаты­суын­сыз дүние жүзінде бірде-бір проблема шешілмейді. Ол айдан анық.

Сондықтан Ресей секілді алпауыт елдегі президент сайлауының халықаралық мән-маңызы қашанда жоғары және оған әлемнің көптеген елі назар аударады.

– Еліміздің сыртқы саясатында Қытай­мен қарым-қатынас маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары Қазақ­­стан қоғамының шығыстағы көр­­шіге деген көзқарасы жақсара бас­та­ғаны байқалады. Болашақта ҚХР-мен ынтымақтастық қалай өрбиді?

– Бүгінде Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы достық, тату көршілік және мәңгілік стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келеді. Біз Төраға Си Цзиньпинмен бірге Қазақ­стан мен Қытай арасындағы ынтымақ­тастықтың жаңа «алтын отыз жыл­дығына» қадам бастық. Мен былтыр Қытайға бір емес, екі мәрте сапармен бардым. Бұл – елдеріміз арасындағы тығыз ықпалдастықтың айқын дәлелі.

 

Қытай көшбасшысымен Сианьда және Бейжіңде мазмұнды келіссөздер жүргізіп, маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Оны жүзеге асырудың нақты жолдарын белгіледік. Осындай жеке жүздесулер Астана мен Бейжің­нің байланыстары жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Бүгінде қазақ-қытай қатынастары көпке үлгі болып отыр деп сеніммен айта аламын.

Екі елдің өзара тауар айналымы жыл санап артып келеді. Оның көлемі 2023 жылдың 10 айдағы қорытындысы бо­йынша 24,3 миллиард долларға жетті. Бұл – жаңа рекорд! Қазір экспорт­қа шығарылатын отандық тауар түрлерін көбейтіп, ҚХР-ға жүк та­сы­малын арттыру үшін белсене жұмыс істеп жатырмыз. Қытай бұрын­нан Қазақстан экономикасына мол қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін ҚХР елімізге 24 мил­лиард доллар инвестиция салды.

Қытаймен ортақ шекарамыздың болуы, Шығыс пен Батыстың арасындағы ұтымды жерде тұрғанымыз қытай тауарларын түрлі бағытқа Қазақстан аумағы арқылы тасымалдауға зор мүмкіндік береді. Өйткені Бейжіңде жоғары деңгейде өткен «Бір белдеу, бір жол» атты үшінші форум аясында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Соның ішінен Транскаспий халықаралық көлік дәлізін бірлесе дамыту жөніндегі келісімді және «Аягөз – Тачэн» бағытындағы темір жол құры­лы­сы туралы меморандумды атап өтуге болады. Бұл келісімдер еліміз­дің көлік-логистика саласына тың сер­пін беретініне сенімдімін. Қазақстан Қытай­­дың «Бір белдеу, бір жол» мега­жоба­­сын толығымен қолдайды. Был­тыр қазан айында Бейжіңде өткен форумда сөйлеген сөзім – осының тағы бір дәлелі.

Қазақстан мен Қытай арасында виза­сыз жүру режімі күшіне енді. Мұ­ның мәні зор. Енді отандастарымыз көрші елге емін-еркін барып, келе алады. Азаматтарымыз осы мүмкін­дікті оңтайлы пайдаланады деп үміттенемін.

Елімізде Қытайға қатысты баяғы қасаң түсініктерге негізделген немесе бізге сырттан таңылған жөнсіз үрей болмауға тиіс. Қазіргі Қытай – өте жоғары дамыған, соның ішінде озық технология саласында зор табысқа жеткен мемлекет. Мұны бүкіл әлем мо­йындап отыр. Сондықтан шығыстағы көршімізбен ынтымақта болу, достық қарым-қатынас пен өзара сенімнің артықшылықтарын тиімді пайдалану Қазақстан үшін аса маңызды.

– Сіз жақында өткен «Парыз» және «Алтын сапа» сыйлықтарының лау­реаттарын марапаттау рәсімінде отан­дастарымызды тек қана алға қа­рап, алысты көздейтін мақсатқа ұм­тылуға шақырдыңыз. Ескілікке тым бой ұрмау, өсіп-өркендеу жолынан айнымау керектігін атап өттіңіз. Осы ар­қылы нені меңзедіңіз? Қоғам не нәр­сеге мән беруі қажет деп ойлайсыз?

– Күнделікті міндеттерден бөлек, ұзақ мерзімге арналған мақсаттарға ден қоюдың мәні зор. Біз болмашы нәрселерге баса назар аударып, ұсақ-түйекті талқылауға бүкіл күш-қуаты­мызды сарп етеміз. Одан да сорақысы, әлдекімдердің жалған сөзіне еріп, арамтер боламыз. Мұндай пайдасыз істерге алаңдап, ұлттың стратегиялық бағдарынан жаңылмауға тиіспіз.

Баяғыда ұлы халық болғанбыз деп масаттанып немесе бұрынғы өкпе-реніштерді қоздатып, қызылкеңірдек болып айтысудың қажеті қанша?! Бұлай ескілікке бой ұруға әсте болмайды. Әлбетте, тарих – біздің жалпы­ұлттық бірегейлігіміздің маңызды бөлігі. Сондықтан мемлекет дәл қазір бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Атап айтсақ, түрлі тақырыптағы кітаптар көптеп шығарылуда. Жаңа ғылыми мекемелер құрылып, бұрынғы институттар жаңғыртылып жатыр. Жақында сталиндік репрессия құрбан­дарын ақтау жөнінде ауқымды зерттеу жұмысы аяқталды. Бір сөзбен айтқанда, сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру біздің негізгі міндетіміздің бірі болып қала береді.

Алайда біздің бұрын кім болғаны­мыз­дан қазір кім екеніміз, ең бастысы, болашақта кім болатынымыз әл­деқайда маңызды. Сондықтан қандай қиын­дықтан өткенімізді бағамдай­тын кезде ғана ауызбіршілік таныт­пай, баянды болашаққа да бірге қадам басуы­мыз қажет. Біз өткенді аң­саумен өмір сүр­меуіміз керек. Кері­сінше, келе­­ше­гі­мізді кемел етуге ұмтылып, ұлт­­тың ұлы­лығын нақты іспен дәлел­­деуге тиіспіз. Дүние­таны­мы­мызға жат мәдениеттерге көзсіз елік­теу­ден, жалған патриотизмнен, даң­ғойлық пен дарақылықтан сақтануы­мыз керек. Халқымыздың бойындағы кемшілік­терге көз жұма қарамай, одан арылуы­мыз қажет. Мұның бәрі күн са­йын құбы­л­ған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды.

Сондықтан ұлтымыз өсіп-өркенде­сін десек, біз жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек. Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоға­ры бағалануға, білімпаздық пен жа­ңа­­­шылдық салтанат құруға тиіс. Сон­дай-ақ өмірге деген байсалды және ба­йыпты көзқарас басым болғаны жөн. Ашығын айтайын, өзін «ұлттың қаймағымыз» деп санайтын кейбір зия­лы қауым өкілдері осы миссиясын өз деңгейінде атқарып жүрген жоқ. Олар ұлтқа үлгі-өнеге көрсетудің орнына, ұсақ-түйек әңгімелерді қоздатудан, әдеттегідей «біздің халық аса данышпан» деп қайталай беруден немесе қара басының қамын күйттеп, билікке «жағдайымды жасамады» деп өкпе артудан аса алмай отыр. Осылайша, ұлттық идеологияның даму жолында жалғандыққа жол беріледі.

Біз озық ойлы ұлт ретінде халқы­мыз­ды ыдырататын емес, біріктіре­тін жолды таңдап, тек қана алға қарауы­­мыз керек. Жалпыұлттық құн­ды­лық­тар бәрінен жоғары тұру­ға тиіс. Бұл туралы үнемі айтып жүр­мін. Тағы да қайталаймын, еңбек­қор­лық, білімпаздық, кәсібилік, бір­лік, ын­ты­мақ, жанашырлық, іскер­лік, баста­ма­шылдық, адалдық, қарапайым­дылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құн­ды­­лықтар. Халқымыздың қуатын арт­ты­рып, табысқа жетелейтін осындай қа­сиеттер мен құндылықтарды жан-жақ­ты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру ар­қылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз.

– Тағы бір мәселені айтпай кетуге болмас. Кейінгі кезде қоғамда зорлық-зомбылық пен қатыгездік белең алып барады. Әйелдер мен бала­­лардың әлімжеттік көргені, соқ­­қыға жығылғаны туралы ақ­парат күн сайын шығады. Осындай қыл­мыс­тардың тамырына балта шауып, біржола тосқауыл қою үшін мем­лекет тарапынан не істеліп жатыр?

– Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тап­сырмаммен нақты шаралар қа­былдануда. Әйелдер мен балаларға жасал­ған зорлық-зомбылыққа қатыс­ты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды. Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау­мен шұғылданатын маман­дардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді.

Біз мұнымен шектелген жоқпыз. Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдерін қайта қарадық. 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшті. Яғни мұндай қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес. Тұр­мыстық зорлық-зомбылық жаса­ған­дарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды.

Сондай-ақ Мәжілістің бір топ депутаты халыққа Жолдауымның аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес­тің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеп жатыр.

– Өткен жылдың қараша айын­да ер адамның әйелін өлтіруі қоғам­да үлкен дүрбелең туғызды. Осы оқиға­дан кейін әлеуметтік желіде әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатайту туралы бейресми петиция жарияланып, оған өте көп қол жиналды. Алайда «Петициялар туралы» заң биыл сәуір айында ғана күшіне енеді. Сондықтан бұл петиция заңсыз деген сөз шықты. Көпшілік «Жабулы қазан жабулы күйінде қалады» деп алаңдап отыр. Турасын айтыңызшы, Сіз тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтуды қолдайсыз ба?

– Мен елімізде «заң мен тәртіп» қағи­датының орныға түскенін қалай­мын. Сондықтан нақты жауап бере­йін, тұрмыстық зорлық-зомбы­лыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын. Сіз айтқан петиция заң талабына сай келсе де, келмесе де, азаматтардың пікірі міндетті түрде ескеріледі. Оған күмән болмасын.

Сонымен қатар қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалып­таспаса, заңға енгізілген өзгеріс­терден аса қайыр болмайды. Жұрт зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатайтуды талап ете тұра, қылмыс әлеміндегі шытырман оқиға­ларға таңдай қағып, фильмдердің заңды белден басатын кейіпкерлерін ғана емес, тіпті шынайы өмірдегі кәнігі қылмыскерлердің өзін пір тұтып жатады. Бұл жағдай бір-біріне мүлде кереғар және өте оғаш көрінеді. Солай емес пе?! Біз қоғамды ішінен іріте­тін, адамгершілікке жат қылықтарды ақ­тау­­ды көздейтін кез келген әрекетке және құқықтық нигилизмге тұтас ел болып тосқауыл қоюымыз керек.

Біз заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз қажет. Сондай-ақ қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек.

– Өзіңізбен бірге жұмыс істейтін азаматтар Сізді өте талапшыл бас­шы дейді. Кадр саясатында қан­дай қағидатқа сүйенесіз? Қол асты­ңыздағы қызметкерлермен қарым-қатынасыңыз қандай?

– Мемлекеттік қызметшілер өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаратын кәсіби маман ғана болмауы керек. Олар әрдайым бастамашыл, нақты ісімен елге пайда әкелетін және өзгерістердің өміршеңдігін халыққа көрсете алатын азамат болуы қажет. Сондай-ақ олар білімді-білікті ғана емес, сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті және арлы адам болуы шарт. Қарамағымда қызмет істейтін азаматтардың маған емес, Әділетті Қазақстанды құру идея­сына адалдығы әлдеқайда маңызды.

Барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар қоғамның тамырын тап баса білуге, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге, соған сәйкес дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешім шығаруға қабілетті болуы керек. Бұл – ең басты талап. Олар «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатты берік ұстануға тиіс.

– Кадр мәселесін одан әрі жалғас­тыр­сақ. Реформалардың нәтижесін­де көпте­ген дарынды жас мемле­кет­тік қызметте өздері­нің қарым-қабіле­тін көрсетуге мүмкіндік алды. Қазір олар Парламентте, мәслихат­тарда, министрліктерде және басқа да мекемелерде жұмыс істеп жүр. Сіз жаңа буын өкілдерін ұдайы қолдап келесіз. Алайда жас басшыларға тәжірибе мен пайым-парасат жетіспейді деген пікір айтылады. Сіз қалай ойлайсыз?

– Мен қазақ елінің жастарына сенемін. Сондықтан олардың ат­қару­шы және заң шығарушы билік тармақтарында қызмет етуіне жол аша­тын кешенді шаралар қабылдан­ды. Президенттік жастар кадр резерві жасақталды. Іріктеудің бірнеше сатысынан өткен кәсіби жас маман­дар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарға тағайындала бастады.

Саяси реформалар аясында партия­лардың сайлау тізімін жасақтағанда және депутат мандатын бөлгенде әйел­дер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін квота енгізілді. Соның нәтижесінде көптеген отаншыл жас Мәжіліс және мәслихат депутаты атанды. Өкілетті билікте жастардың үні жарқын естіле бастады. Осындай нақты қадамдар билік органдарының құрамын жаңартуға тың серпін берді.

Қазір әлем жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа технология­лар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Жұмысты ұйымдастырудың және басқарудың әдіс-тәсілдері қайта қаралуда. Осындай жағдайда жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі. Ойы ұшқыр жастарымыз болашақты бағам­дай алады әрі дәйекті дамуға ұмты­лады. Сондықтан оларға парасат-пайым жетіспейді деген пікір­мен келісе алмай­мын. Бірақ билік құрылым­дары­на аға буынның тәжірибесі де, жас ұр­пақ­тың жаңа идеялары да керек. Бұл жерде эксперимент жасаудың қаже­ті жоқ. Кейбір сарапшысымақтар «Пре­зи­­дент Тоқаев жүйені тұралатып тас­та­ды, ешқандай өзгеріс болған жоқ, ескі кадрлар орнында қалды» деген сыңар­жақ пікірін тықпалаудан танбай жүр. Мұның астарында қоғамның шыр­қын бұзып, мемлекеттілігіміздің іргес­ін шайқайтын пасық ниет жатыр. Асы­ғыс­тықтың салдары ауыр болуы мүмкін.

Жас басшыларға көбіне тәжірибе жетіспейді. Менмендігі және өзіне деген сыни көзқарастың әлсіздігі кейде олардың өз қарым-қабілетін жоғары деңгейде көрсетуіне кедергі келтіреді. Соған қарамастан, біз жаңа буыннан шыққан кәсіби мамандарға мүмкіндік беріп келеміз. Бұл саясат алдағы уақытта да жалғасын табады.

– Тұңғыш Президенттің мемуары қоғамда қызу талқыланды. Сіз де ол кітапты оқыған шығарсыз. Көптеген шешім мен оқиғаға тікелей куә болған адам ретінде қандай әсер алдыңыз? Өзіңіздің мемуар жазатын ойыңыз бар ма?

– Бұл кітап тәуелсіз мемлекет құру ісінің жылнамасы ретінде оқырман қызығушылығын туғызады деп ойлаймын. Кезінде бір айтқыш «Мемуарда шындықтың жартысы айтылса да, ол тарихи оқиғалардың ауқымын бағамдауға жеткілікті» деген екен.

Нұрсұлтан Назарбаев – бірнеше дәуірге куә болған тарихи тұлға. Ол өз ман­сабын комсомол белсендісі ретін­де Хрущев заманында бастап, ара­да алпыс жылдан астам уақыт өткен­­нен кейін қызметтен кетті. Қазақ­стан­ның тәуелсіз мемлекет болып қалып­тасуы­на қосқан үлесін бәрі біледі. Ол – әділ тарихи бағасын алуға лайық адам.

Мен мемуарларды, публицистика­лық шығармаларды, саяси очерктерді әрдайым ыждағатпен оқимын. Ал сұраққа келсек, мен үшін қазіргі кезең мемуар жазып отыратын уақыт емес.

– Жұрттың айтуынша, Сіз кезінде өңір басшыларына Өзіңізді ұшақтан гүлмен қарсы алуға, аста-төк дастарқан жаюға, думандатып концерт, шоу өткізуге тыйым салыпсыз. Сол рас па?

– Президент ретінде алғаш рет ел аралауға шыққанымда, әкімдер салтанатты шаралар ұйымдастыруға, көл-көсір дастарқан жаюға, билбордтар орнатуға тырысты. Қазір мұның бәрі тыйылды. Мен облыстарға жұмыс бабымен ғана барамын. Уақыт өте келе жергілікті жерлерде де осындай жұмыс дағдысы қалыптасатынына сенімдімін. Халықты жинап, қыруар қаржы шығындап, салтанатты шаралар ұйымдастыру біржола тоқтатылады.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы, мазмұнды сұхбат бергеніңіз үшін рахмет айтамыз. Жаңа жылда айтулы оқиғалар көп болады деп сенеміз. Сұхбатымыздың соңында тағы бір сұрақ қояйын. 2024 жылды қалай қарсы алдыңыз?

– Жаңа жыл – әрине, күнтізбе­нің жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қоры­тын­ды­лап, келешекке жоспар құру әдетке айналған. Бір жағынан, Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы.

Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін.

Сөз соңында барша халқымызға бақ-береке тілеймін! Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қастерлі Қазақстанымыз өсіп-өркендей берсін! 

 

Әңгімелескен –

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ 

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз