Қаңтардың үшінші онкүндігінде республиканың оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында күздік дақылдар өсірілетін аудандарда онкүндіктегі орташа ауа температурасы нормадан 1...3°С жоғары, жауын-шашын норма шамасында және нормадан көп жауған.
Онкүндіктің соңғы күнінде Алматы облысында қар жамылғысының биіктігі 10-17 см, Жаланаш метеостанциясының маңайында 30 см дейін жеткен, қар өсімдіктерге қорғаныш болған. Жетісу облысында қар жамылғысының биіктігі 4-13 см, Жамбыл облысында 8-18 см және Түркістан облысында 2-8 см, қар жамылғысының биіктігінің біркелкі болмауына байланысты қыстау жағдайы әр түрлі болады.
Түркістан облысының Т. Рысқұлов ауылы, Қазығұрт, Тасарық және Шымкент станцияларының маңайларында оң ауа температурасы фоны жағдайында күздік бидай вегетациясының қайта басталуы байқалған. Даму кезеңі: «көктеу» - «түйін тамырлардың пайда болуы», өсімдіктердің жағдайы қанағаттанарлық.
Оңтүстік аймақтарда 1-6 күн бойы байқалған қарқынды еру күздік бидайдың нашар дамыған дақылдарының қысқы төзімділігін төмендетуі мүмкін.
Еліміздің оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында күздік бидайдың түптену түйінінің тереңдігіндегі топырақтың минималды температурасы 0°С минус 4°С дейін болған.
Жалпы, қаңтардың 3 онкүндігінде күздік бидайдың қыстауына агрометеорологиялық жағдайлар қанағаттанарлық болған.
Онкүндіктің соңында көптеген облыстарда жайылымдар бірқалыпты тапталған, қатты тапталған жайылымдар Алматы облысында (Айдарлы станциясы), Жетісу облысында (Ақжар станциясы), Батыс Қазақстан облысында (Бұлдұрт, Тайпақ, Жалпақтал станциясы) байқалған.
Жайылымдық мал шаруашылығының басым бөлігінде шымның қатқақ болуы байқалған, Жетісу және Жамбыл облыстарының кейбір жайылымдарында шым дымқыл болған.