2024 жылдың тамыз айының 1-ші онкүндігіне қысқаша агрометеорологиялық шолу

IconЖарияланды 20.08.2024

Еліміздің оңтүстік жартысында бақыланатын учаскелерде жаздық дәнді дақылдарды жинау жұмыстары жалғасуда (Алматы, Жетісу Түркістан облыстары).

Республиканың солтүстік жартысында жаздық дәнді дақылдарда көбінесе «дәннің сүттенуі» - «дәннің уыздануы», Ақмола облысында «гүлдену» - «дәннің сүттенуі», кеш себілген егістіктерде «түтікке шығу» - «масақтану» фазалары байқалады. Батыста «дәннің уыздануы» - «толық пісу», кеш себілген егістіктерде «гүлдену» даму фазалары болған. Батыс Қазақстан облысындағы Федоровка метеостанциясының маңайында, Қарағанды облысының Абай ауданында жаздық арпа жинауға кіріскен. Михайловка метеостанциясының маңайында жаздық арпаны шабындыққа жинауға кіріскен.

Жаздық бидай мен арпаның жағдайы көбінесе жақсы, кейбір жерлерде қанағаттанарлық. Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаздық дәнді дақылдар егістіктерінде арамшөптерге, сондай-ақ зиянкестер мен ауруларға қарсы улы химикаттармен өңдеу жүргізілуде.

Оңтүстікте және оңтүстік-шығыста күздік бидай дақылдарында «толық пісу» даму фазасы байқалады. Алматы облысының Жаланаш және Қырғызсай метеостанцияларының маңайларында егін жинауға кіріскен. Өсімдіктердің жағдайы көбінесе жақсы, кейбір егістерде өте жақсы.

Елдің оңтүстігінде (Түркістан облысы) жылу сүйгіш дақылдарда (соя, мақта) мақтада «гүлдену» кезеңі жалғасады, сояда «бұршақтың пайда болуы» - «гүлденудің соңы» кезеңдері байқалған. Өсімдіктердің жағдайы көбінесе жақсы және өте жақсы.

Жетісу облысында қант қызылшасы егістіктерінде «қатар аралықтарын жабу» кезеңі жалғасуда. Өсімдіктердің жағдайы өте жақсы.

Жүгері дақылдарында Алматы облысында, Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстарында «жүгері сабағының шашақтануы» - «дәннің сүттенуі» - «дәннің уыздануы» даму фазалары байқалады. Жағдайы көбінесе жақсы.

Алматы, Жетісу және Қызылорда облыстарында күріш егістіктерінде көбінесе «дәннің сүттенуі» - «дәннің уыздануы», Алматы облысының Бақанас метеостанциясының маңайында «масақтану» даму фазасы байқалады. Күріштің жағдайы көбінесе жақсы.

Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында күнбағыс дақылдарында «гүлдену» - «пісу» фазалары жалғасуда. Өсімдіктердің жағдайы көбінесе жақсы және кейбір жерлерде өте жақсы.

Солтүстік Қазақстан облысының бақылау учаскелерінде майлы зығыр дақылдарында «жасыл болып пісу» - «сарыланып ерте пісу» даму фазалары байқалады. Өсімдіктердің жағдайы көбінесе жақсы.

Алматы, Жетісу, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында картоп бақыланатын учаскелерде «гүлденудің соңы» - «пәлектердің қурауы» даму кезеңдері байқалады. Өсімдіктердің жағдайы көбінесе жақсы.

Мал шаруашылығы аумағының басым бөлігінде жайылымдар әлсіз тапталған, Қарағанды облысының Шет ауданындағы жайылымдар тапталмаған, Ақтөбе облысының Байғанин, Шалқар аудандары, Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданындағы жайылымдар қатты тапталған, басқа жайылымдардың бірқалыпты тапталуы байқалған.

 Жайылымдардағы шымның жағдайы көбінесе құрғақ, Ақтөбе, Қарағанды және Түркістан облыстарындағы кейбір жайылымдарда шым ылғалды болған.

 Жайылымдық шөптердің көпшілігінің өсуі мен дамуы үшін агрометеорологиялық жағдайлар қолайлы болған, жайылымдардағы шөптердің жалпы визуалды бағалау бойынша көбінесе «жақсы», кейбір жайылымдарда «қанағаттанарлық» болған. Алматы облысының Балқаш және Еңбекшіқазақ аудандарында, Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар және Уәлиханов аудандарында «өте жақсы» жағдай орын алған.

 Тамыздың бірінші онкүндігінде солтүстіктің басым бөлігінде, қиыр батыста және солтүстік-батыста, орталықта, сондай-ақ таулы және тау бөктеріндегі аудандарда жауын-шашын көп болған.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз