20 мамырда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің «Қазақстан» залында Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық, су ресурстарын басқару және білім беру салаларындағы ынтымақтастық мәселелеріне арналған Берлин Еуразиялық клубының (БЕК) 43-отырысы өтті.
Отырыс аясында «Су ресурстарын тиімді басқару: Германия мен Қазақстанның тәжірибесі мен келешегі» тақырыбындағы екінші панельдік сессияда «Қазгидромет» РМК бас директоры Алимбаева Данара Кизатовна сөз сөйледі.
Өз баяндамасында ол климаттың өзгеруіне бейімделу үшін тұрақты су ресурстарын басқару және ғылыми біліммен алмасу саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, елдер арасындағы тығыз өзара іс-қимылдың экологиялық қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін қажет екендігі айтылды.
Сөзінің соңында «Қазгидромет» РМК бас директоры алдағы уақытта Потсдам климаттың өзгеруінің әсерін зерттеу институтымен (PIK) ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отырғанын, бұл климатология және су ресурстары саласындағы ғылыми алмасу мен бірлескен бастамаларды нығайтуда маңызды қадам болатынын атап өтті.