2025 жылғы 29 мамырдан 1 маусымға дейін Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласында Орталық Азиядағы мұздықтар мен криосфераны мониторингтеу бойынша аймақтық форум өтті, оған «Қазгидромет» РМК-ның Бас директоры Алимбаева Данара Кизатовна қатысты. Форумға аймақтағы мұздықтардың еруі мен климаттың өзгеруі мәселелерін талқылау үшін жетекші мамандар, ғалымдар, үкімет өкілдері және халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналды.
Данара Кизатовна сөз сөйлеуінде Қазақстан Республикасының климаттық тұрақтылық мәселелері жөніндегі ұстанымын таныстырып, криосфера мониторингін жүргізуде аймақтық ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті. Климаттық деректерді жүйелеу және климаттың өзгеруіне бейімделу үшін ғылыми зерттеулерді кеңейту маңызды екенін ерекше жеткізді. Ол мұздықтарды Орталық Азиядағы су ресурстарының негізгі көзі ретінде сақтау тек бірлескен күш-жігер арқылы мүмкін екенін баса айтты.
«Аймақтағы ғылыми әлеует пен олқылықтар» тақырыбындағы панельдік пікірталаста ұлттық және мемлекетаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Сарапшылар криосферадағы өзгерістерді дәл болжау және уақтылы жауап беру үшін деректер алмасу ғана емес, сонымен қатар бірлескен зертханалық және далалық зерттеулерді дамыту қажет екенін мәлімдеді.
Форум табиғи ресурстарды тұрақты басқару және жаһандық жылынудың салдарын азайту бойынша бірлескен стратегияларды әзірлеуге маңызды алаң болды. Қатысушылар алдыңғы қатарлы қашықтан зондтау әдістерін енгізу, деректер жинау мен өңдеу әдістемелерін біріздендіру, сондай-ақ аймақтық ақпараттық-талдамалық платформаны құру жобасы аясында күш-жігерді үйлестіру сияқты басым міндеттерді атап көрсетті.
Сонымен қатар, іс-шара барысында екі жақты кездесулер өтті:
Қазақстан Республикасының экология және табиғи ресурстар министрі Е. Нысанбаев пен Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) Бас хатшысы Селесте Сауло кездесті. Тараптар 2026 жылы өтетін Регионалдық экологиялық саммитті ұйымдастыру бойынша Қазақстанның бастамасын ДМҰ қолдауы мен Орталық Азия елдерінің ғылыми әлеуетін дамыту бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. 2022 жылы Австрияның Метеорология және геодинамика орталық институты жүргізген Қазақстанның Ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің халықаралық бағалауы оны «өте тұрақты» деп танығаны атап өтілді. Қызметкерлердің жоғары дайындығы мен Қазақстанның тасқындарды болжау саласындағы белсенділігі жоғары бағаланды.
«Қазгидромет» РМК Бас директоры Алимбаева Данара Кизатовна мен Финляндия метеорологиялық институтының Бас директоры Петтери Таалос гидрометеорологиялық болжамдарды күшейту, SmartMet жобасын жүзеге асыруға қолдау көрсету, дәл болжау үшін түрлі заманауи өнімдерді енгізу және болжамдау жүйесін жетілдіру жоспарын әзірлеу бойынша ынтымақтастық туралы пікір алмасты.
Аймақтық форум мемлекеттердің, ғылыми институттардың және халықаралық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру арқылы ғана мұздықтарды сенімді мониторингтеу, тәуекелдер туралы уақтылы ескерту және климат өзгерістер жағдайында су ресурстарын тұрақты басқару қамтамасыз етілетінін растады.