Көбейтұз көлінің суын талдау нәтижелері бойынша баспасөз парақшасы

IconЖарияланды 22.08.2020

«Қазгидромет» РМК 2020 жылғы 25 шілдеде Ақмола облысы, Ерейментау ауданында орналасқан Көбейтұз көліне жоспардан тыс шығып, көлдегі судың, түп шөгінділердің және жағалаудағы топырақтың сынамаларын алды. Көбейтұз көлі суының сапасын талдау 42 физика-химиялық көрсеткіштер бойынша жүргізілді.Түп шөгінділерде кадмий, марганец, мыс, күшәла, никель, қорғасын, хром мөлшері анықталды. Жағалаудағы топырақта - кадмий, мыс, мырыш, қорғасын, хром мөлшері анықталды. Жер үсті суларының сынамаларында уытты, уыттылығы жоғары элементтер мен металдардың жоғары шоғырлануы - күшәла (20,7 мг/дм3), қорғасын (73,8 мг/дм3), кадмий (0,19 мг/дм3), мырыш (15,7 мг/дм3), хром (2,3 мг/дм3), мыс (1,4 мг/дм3), никель (0,4 мг/дм3), молибден (6,2 мг/дм3) анықталғанын атап өткен жөн. Макро-микроэлементтердің жер үсті суларына түсуінің ықтимал көзі - жер асты топырақтарынан шайылуы. Ерейментау ауданының жер қойнауы алтын, сүрме, тас көмір, боксит, гранит, әктас және басқа да қорларға бай. Судың, түп шөгінділердің, жағалаудағы топырақтың физика-химиялық көрсеткіштерінің нақты шоғырлануы бойынша нәтижелер ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне жіберілді. Көбейтұз көлінде уыттылығы жоғары химиялық заттардың жоғары шоғырлануының болуын ескере отырып, Көбейтұз су айдынының халық үшін қауіпсіздігін белгілеу үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органды тарта отырып, арнайы зерттеулер жүргізу қажет деп санаймыз.
 

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз