Циклонның әсерінен Қазақстанда ыстық жазғы күндер жаңбырлы, найзағайлы ауа райымен ауысты. Тіпті елдің оңтүстігінде де ыстықтың бәсеңдеуі байқалады. Алдағы күндері циклон жылдамдығы баяу болғандықтан, еліміздің басым бөлігіне әсерін сақтап қалады – жаңбыр жауады, республиканың солтүстігінде және шығысында кей жерлерде қатты жаңбыр болжанады, жекелеген аудандарда бұршақ жаууы мүмкін. 2 тамыздан бастап циклонның артынан солтүстіктен антициклон жылжып келе бастайды. Ол жауын-шашынның тоқтауына және солтүстік өңірлерде күндізгі ауа температурасының 15–20 градусқа дейін төмендеуіне себеп болады.