«Қазгидромет» Орталық Азиядағы климат саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтады

IconЖарияланды 09.11.2026

2026 жылғы 9 қарашада Түркияда 9–20 қараша аралығында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында «Қазгидромет» РМК Орталық Азияның Өңірлік экологиялық орталығымен (ОАӨЭО) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа «Қазгидромет» РМК бас директоры Данара Алимбаева мен ОАӨЭО атқарушы директоры Батыр Мамедов қол қойды.

Меморандум Қазақстанның Орталық Азия елдерімен климаттың өзгеруі мәселелері бойынша ынтымақтастығын нығайтуға, климаттық қызметтерді дамытуға және шешім қабылдау үшін қажетті климаттық ақпараттың сапасын арттыруға бағытталған.

Қазақстан үшін бұл ынтымақтастық гидрометеорологиялық және климаттық деректер алмасуға, халықаралық сараптамалық қолдау тартуға, мамандар даярлауға және бірлескен өңірлік жобаларға қатысуға қосымша мүмкіндіктер ашады.

Атап айтқанда, қауіпті табиғи құбылыстарды мониторингтеу және ерте ескерту жүйелерін дамытуға, климаттық тәуекелдерді бағалауға, сондай-ақ климаттың өзгеруінің су ресурстарына, мұздықтарға, ауыл шаруашылығына және басқа да осал салаларға әсерін зерттеуге ерекше назар аудару жоспарлануда.

Меморандумға қол қою өңірлік өзара іс-қимылды нығайтуға және Қазақстан мен Орталық Азияның климаттық тұрақтылығын арттыруға бағытталған бірлескен шешімдерді дамытуға жасалған тағы бір маңызды қадам болмақ.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз