«Қазгидромет» пен Түркияның Мемлекеттік метеорологиялық қызметі ынтымақтастықты нығайтуда

IconЖарияланды 10.11.2026

Қазақстан мен Түркия гидрометеорология саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуда. Осы бағыттағы кезекті қадам 10 қарашада Анталья қаласында COP31 аясында ұлттық метеорологиялық қызметтердің басшылары арасында өткен екіжақты кездесу болды.

Кездесу барысында тараптар гидрометеорология, климаттық талдау және қоршаған орта мониторингі салаларындағы ынтымақтастықтың келешегін, сондай-ақ тәжірибе мен заманауи технологиялар алмасу мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша «Қазгидромет» РМК мен Түркия Республикасының Мемлекеттік метеорологиялық қызметі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Данара Алимбаева мен Волкан Мутлу Джошкун қол қойды.

Меморандум ауа райын болжау саласындағы тәжірибе мен технологиялар алмасуды дамытуды, қауіпті табиғи құбылыстар мен қоршаған орта мониторингін жетілдіруді, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді көздейді.

Қазақстан үшін Түркияның метеорологиялық қызметімен өзара іс-қимыл озық тәжірибелерді зерделеуге, мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруға және ұлттық гидрометеорологиялық қызметтердің сапасын жетілдіруге қосымша мүмкіндіктер ашады.

Аталған құжатқа қол қою Қазақстан мен Түркия арасындағы гидрометеорология және климат саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың маңызды қадамы болды.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз