Ауа-райының күрт жылынуына орай еліміздің кей өңірлерінде су басу қаупі орын алуы мүмкін. Осыған байланысты барлық су қоймаларында қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жөнінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Серік Қожаниязов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте баяндады.
Қазгидрометтің мәліметінше, Қазақстан аумағының басым бөлігінде қар еру үрдісі жүріп жатыр. Қызылорда, Атырау және Маңғыстау облыстары аумағында, және Түркістан, Жамбыл мен Алматы облыстарының жазық жерлерінде қар түгелдей еріп кеткен. Алайда елдің таулы бөлігінде ШҚО, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары) су тасқыны қаупі тауларда қар еру және қатты жауын-шашын кезінде де сақталады.
«Осы көктемде суық күндердің созылуына байланысты наурыз айында қар әдеттегіден баяу еріді.Осыған байланысты,Қарағанды, Ақмола, Солтүстік-Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Батыс-Қазақстан облыстарындағы қар қорлары әлі де сақталуда. Ауа-райының күрт жылынып, нөсерлі жауын жауған жағдайда аталған өңірлерде су басу қаупі болуы мүмкін. Сырдария және Іле өзендері мұздан толығымен тазарды. Ертіс өзенінде Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары аумағында мұз еру процесі жалғасуда, бұл мұз кептелісіне және судың жайылма аумақтарына шығуына әкелуі мүмкін. Қорыта келгенде, ағымдағы жылы 2015 және 2017 жылдардағыдай табиғи сипаттағы ауқымды су тасқыны күтілмейді. Бірақ, температуралық фонның күрт артуы және қатты жауын-шашын кезінде Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Алматы, Түркістан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында ішінара су басу көріністері болуы мүмкін», - деді Қожаниязов.
Сондықтан тасқын сулардан келетін залалды болдырмау, қауіптің алдын алу мақсатында Су ресурстары комитетінде 2021 жылғы су тасқыны кезеңіне арналған су тасқынына қарсы комиссия құрылған. Осындай комиссиялар «Қазсушар» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен оның филиалдарында да жұмыс істеп жатыр.
«Гидротехникалық нысандарды пайдалану қағидаларына сәйкес, әрбір су қоймасы үшін су қоймаларын толтыруға және күтілетін түсімдерге байланысты су тасқынын өткізу кестесін әзірледі. Су тасқыны кезеңі басталғанға дейін тасқын суларды жинақтау және қарқынды су тасқыны кезіндегі маневрлік үшін су қоймаларындағы бос сыйымдылықтар қоры қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні ірі су қоймаларының орташа толымдылығы 70-75% құрайды. Оларды жобалық көлемге дейін толтырған және үлкен тасқын сулар келген жағдайда олар транзиттік режимде жұмыс істейтін болады», - дейді дайындық шаралары туралы вице-министр.
Оның сөзінше, су қоймаларының жұмыс режиміне күнделікті мониторинг белгіленген, барлық республикалық объектілерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Қауіпті учаскелерде құрылыс және басқа материалдардың қажетті қорлары, сондай-ақ тиісті техника мен жанар-жағармай материалдарының қоры жеткілікті.
«Коммуналдық және жеке гидротехникалық нысандарда бос сыйымдылықтарды ұлғайту, өзендер арналарын тазалау, инженерлік қорғаныстарды жөндеу және құру бойынша бұрын берілген ұсынымдардың орындалуын бақылау зерттеулері жүргізілуде. Жауған қардың үлкен көлемін ескере отырып, қар күрт еріген жағдайда су қоймаларынан ағызылатын су көлемі едәуір артатыны сөзсіз. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден жақын орналасқан су қоймаларынан ағызылатын суды бұруға қажет арналардың өткізу қабілетін ұлғайту жөніндегі жұмыстарды жеделдетуі және күшейтуі қажет», - деп айтты вице-министр.
Серік Қожаниязов су қоймаларының бос сыйымдылықтарын қалыптастырумен қатар, арналар тазаланған жағдайда ғана су тасқынын апатсыз өткізуді қамтамасыз ету мүмкін екендігін де атап өтті.