Ауа райы болжамдары мен дауылды ескертулерде қолданылатын терминология
Ауа райы болжамдарында бұлттылық, жауын-шашын, ауа райы құбылысы, жел, бір түн ішіндегі ең төменгі ауа температурасы және бір күн ішіндегі ең жоғарғы ауа температурасы көрсетіледі.
Дауылды ескертулерде тек өзінің өлшемдері бойынша қауіпті құбылыстарға немесе апатты гидрометеорологиялық құбылыстарға, ауа райының күрт өзгеруіне жататын құбылыстар көрсетіледі.
Қауіпті құбылыс (бұдан әрі - ҚҚ) – экономиканың жекелеген салаларының қызметін едәуір қиындататын немесе кедергі келтіретін және өзінің сандық мәні бойынша апатты гидрометеорологиялық құбылыстың өлшемшарттарына қол жеткізбейтін құбылыс;
Апатты гидрометеорологиялық құбылыс (бұдан әрі - АГҚ) – белгілі бір өлшемшарттарға (таралу қарқындылығына, ұзақтығына және алаңына) жеткен кезде адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін, мемлекет экономикасының салаларына елеулі залал келтіруге және дүлей зілзалалар немесе төтенше жағдай туғызуға әлеуетті мүмкіндігі бар метеорологиялық, гидрологиялық құбылыс;
Жергілікті апатты гидрометеорологиялық құбылыс – метеорологиялық станция маңында жергілікті жердің ерекше жағдайларынан туындаған, шектеулі көлемдегі алаңда байқалатын апатты құбылыстың өлшеміне жеткен құбылыс;
Ауа райының күрт өзгеруі (бұдан әрі - АКӨ) – метеорологиялық құбылыстар қарқындылығы бойынша апаттық өлшемшарттарға қол жеткізбейтін, бірақ экономиканың жекелеген салалары мен халықтың өндірістік қызметін қиындататын ауа райы жағдайлары;
Дауылды ескерту –ҚҚ, АГҚ, АКӨ пайда болу, сақтау, күшейту болжамы.
Бұлттылық болжамдарында қолданылатын терминдер және оларға сәйкес келетін сандық сипаттамалар 1-кестеде келтірілген.
Жауын-шашын болжамдарында қолданылатын терминдер
Болжамдарда жауын-шашынның сандық сипаттамасы, олардың фазалық жағдайы және басталу уақыты немесе ұзақтығы көрсетіледі. Жауын-шашынға арналған терминдер және оларға сәйкес келетін сандық сипаттамалар 2-кестеде келтірілген.
Жауын-шашынның фазалық жағдайын сипаттау үшін «жаңбыр», «қар», «жаңбырдың қарға ауысуы», «қардың жаңбырға ауысуы», «жауын-шашын» деген терминдер қолданылады. «Жауын-шашын» термині ауа температурасы плюс 5°С-тан минус 5°С-қа дейін қолданылады.
Жауын-шашынның ұзақтығын сипаттау үшін 3-кестеде көрсетілген терминдер қолданылады.
Ауа райы құбылыстарының болжамдарында қолданылатын терминдер
Болжамдарда мынадай ауа райы құбылыстары көрсетіледі: бұрқасын, жаяу бұрқасын, боран, шаңды дауыл, тұман, дауыл, бұршақ, құйын, найзағай, көктайғақ, қатқақ, үсік.
Жел болжамдарында қолданылатын терминдер
Болжамдарда желдің бағыты мен жылдамдығы көрсетіледі. Желдің бағыты көкжиектің төрттен бірінде (желдің соғуына қарай) көрсетіледі. Желдің жылдамдығы 5 м/с аспайтын аралықпен көрсетіледі. Желдің жылдамдығы 15-29 м/с ауа райының қауіпті құбылысы (ҚҚ), 30 м/с және одан жоғары – апатты гидрометеорологиялық құбылыс (АГҚ) болып саналады.
Ауа температурасын болжауда қолданылатын терминдер
Ауа райы болжамдарында бір түн ішіндегі ең төменгі температура және бір күн ішіндегі ең жоғарғы температура көрсетіледі.
Ең төменгі және ең жоғарғы температура пункт үшін 2°С-тан аспайтын аралықта, ал аумақ үшін – 5°С көрсетіледі. Температураны бір санмен көрсетуге рұқсат етіледі, мысалы, шамамен 20°С, бұл пункте 19-21°С, аумақ бойынша 18-22°С күтілетінін білдіреді. Аумақтың бір бөлігі үшін температураны «дейін» деген көмекші сөзбен көрсетуге рұқсат етіледі. Мысалы: 20-25°C, шығыста 35°C-қа дейін (бұл 30-35°С дегенді білдіреді).
Егер вегетация кезеңінде ауа температурасының немесе топырақ бетінің теріс мәндерге дейін төмендеуі күтілсе, онда ең төменгі температураны көрсете отырып, «үсік» термині қолданылады.
Егер ауа температурасының 10ºС-қа және одан да көп өзгеруі күтілсе (ең жоғары, ең төмен, аномальды жүру кезінде), «қатты салқындау (жылыну)», «температураның күрт төмендеуі (жоғарылауы)» деген термин қолданылады.
Температураны болжау кезінде ҚҚ және АГҚ өлшемшарттары 4-кестеде көрсетілген.
Жауын-шашынның, ҚҚ, АГҚ пайда болуы және аяқталу уақытын көрсетуге арналған терминдер
Бір тәулікке арналған ауа райы болжамдарында, оларды нақтылауда және ескертулерде жауын-шашынның, ҚҚ немесе АГҚ пайда болуы немесе аяқталу уақытын көрсету үшін 5-кестеде берілген терминдер қолданылады.
Бір тәулікке арналған ауа райы болжамдарында және 12 сағаттан асатын алдын ала ескертулерде, егер 6-кестедегі терминдерді қолдану мүмкін болмаса, «түнде», «күндіз» деген термин қолданылады.
Негізгі фоннан ерекшеленетін жауын-шашын, құбылыстар, температура, жел күтілетін аумақтың бір бөлігін көрсетуге арналған терминдер
Егер ауа райының біркелкі сипаты күтілсе, аумақ үшін не бір болжам (ескерту) жасалады, немесе, егер осы аудандар үшін ауа райының сипаты әртүрлі деп күтілсе, аумақтың жекелеген аудандары үшін нақтылау жасалады. Аумақты бөліктерге бөлу әкімшілік немесе географиялық белгілері бойынша (батыс және шығыс; шығыста, орталықта; таулы және тау бөктерінде және т.б.) жүргізілуі тиіс.
Егер ауа райы жағдайлары бойынша жауын-шашын немесе ауа райы құбылысы күтілетін аумақтың белгілі бір бөлігін атап көрсету мүмкін болмаса, онда «кей жерлерде» немесе «жекелеген аудандарда» деген терминдерді қолдануға рұқсат етіледі.
Жауын-шашынның немесе ауа райы құбылыстарының туындауына немесе болмауына жеткілікті сенімділік болмаған жағдайларда, БАҚ үшін мамандандырылған ауа райы болжамдарында «мүмкін» , «екіталай» деген терминдерді пайдалануға рұқсат етіледі.