Қоршаған орта жағдайының мониторингі

Қоршаған орта жағдайының мониторингі

 

Атмосфералық ауа жай-күйінің мониторингі

Атмосфералық ауаның жай-күйін бақылау 70 елді мекенде 170 бақылау бекеттерінде және жылжымалы зертханалардың көмегімен жүргізіледі.

40 бекетте қол көмегімен сынама бағдарламасына сәйкес тәулігіне 3-4 рет (07, 13, 19, 01 сағ.) алынып, одан әрі зертханаға ластаушы заттар концентрациясын анықтау үшін жолданады.

130 автоматты бекеттерде үздіксіз режімде бақылау жүргізіледі.

Бекеттерде және жылжымалы зертханалардың көмегімен келесі көрсеткіштер анықталады: қалқыма бөлшектер (шаң), РМ-2,5 қалқыма бөлшектері, РМ-10 қалқыма бөлшектері, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді, азот диоксиді, азот оксиді, озон (жерге жақын), күкіртті сутегі, фенол, фторлы сутегі, хлор, гидрохлорид, көмірсутектер, аммиак, күкірт қышқылы, формальдегид, метан, көмірсутектер жиынтығы, күшән, кадмий, қорғасын, хром, мыс, бензол, бенз(а)пирен, бериллий, марганец, кобальт, мырыш, никель, сынап, гамма сәулеленудің эквивалентті дозасының қуаты (гамма-фон).

   

Атмосфералық жауын-шашын және қар жамылғысы жәй-күйінің мониторингі

Атмосфералық жауын-шашынның химиялық құрамын (46 метеобекетте - ай сайын), қар жамылғысындағы ластаушы заттар мөлшерін (39 метеобекетте – жылына 1 рет, қардың ылғал қорының максималды кезеңінде) бақылау атмосфераның өңірлік ластануын бағалау және ластаушы заттардың таралу аймағын анықтау мақсатында жүргізіледі.

Жауын-шашын мен қар сынамаларында келесі көрсеткіштер анықталады: аниондар (сульфаттар, хлоридтер, нитраттар, гидрокарбонаттар),  катиондар (аммоний, натрий, калий, кальций, магний),  микроэлементтер (қорғасын, мыс, кадмий, күшән), қышқылдық,  меншікті электр өткізгіштік.

Радиациялық мониторинг

Атмосфераның жерге жақын қабатында радиоактивті ластануды бақылау 89 метеобекетте және 12 автоматты бекеттерде гамма-сәулеленудің экспозициялық дозасының қуатын және 43  метеобекетте жиынтық бета-белсенділікті анықтау арқылы жүргізіледі.

Топырақ жай-күйінің мониторингі

Топырақтың жай-күйін бақылау 101 бақылау нүктелерінде жүргізіледі. Сынамалар елді мекендер мен өнеркәсіптік аудандар шегінде жылына үш рет алынып, одан әрі ауыр металдардың (қорғасын, мырыш, кадмий, мыс, хром, никель, марганец, күшән, сынап) және мұнай өнімдерінің мөлшері анықталады.

Жер үсті суларының сапасының жай-күйінің мониторингі

Жер үсті сулары сапасының жәй-күйін бақылау желісі 132 су нысандарында (оның ішінде 87 өзенде, 28 көлде, 13 су қоймасында, 3 каналда және Каспий теңізінде) орналасқан 370 тұстамада жүргізіледі. Жер үсті суларының ластануын зерделеу кезінде алынатын су сынамаларында 60 физикалық-химиялық көрсеткіштері анықталады, оның ішінде температура, су шығыны, өлшенген заттар, түсі, мөлдірлігі, сутегі көрсеткіші, еріген оттегі, ОБТ-5, ОХТ, тұздық құрамның басты иондары, биогенді элементтер, мұнай өнімдері, фенолдар, ауыр металдар, пестицидтер.

Трансшекаралық су ағындарының мониторингі

«Қазгидромет» РМК 32 трансшекаралық өзендерде: Қытаймен, Ресей Федерациясымен, Қырғыз Республикасымен және Өзбекстан Республикасымен трансшекаралық өзендерде  жер үсті сулары сапасының жәй-күйіне мониторинг жүргізеді.

Фондық мониторинг

Қазақстанда биосфераның ластануының фондық жәй-күйі және оның өзгеру үрдістері туралы ақпарат алу мақсатында Ақмола облысында  бір «Бурабай» табиғи ортаның кешенді фондық мониторинг станциясы (СКФМ) ұйымдастырылған.