Арктика қазақстандық еріктінің көзімен

IconЖарияланды 21.08.2021

"Қазгидромет" РМК қызметкері Роман Гиричев "Вилькицкий аралына экологиялық экспедиция 2021" еріктілер бағдарламасына қатысты. Ол үшін бұл екінші экспедиция болды.

Айта кетсек, экспедиция мақсаттарының бірі — аралды ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізіміне енгізу болып табылады. "Жасыл Арктика" халықаралық қоғамдық экологиялық-әлеуметтік ұйымы, Ресейдің Арктиканы дамыту орталығымен және Ямало-Ненец автономиялық округінің Үкіметімен бірлесе отырып, 2012 жылдан бастап Арктика аралдарын тазартуда. 2012 жылдан 2016 жылға дейін еріктілер Қара теңіздегі ақ аралды, 2017 жылдан 2021 жылға дейін Вилькицкий аралын, сондай-ақ Қара теңізде тазартып келуде.

Солайша, биыл техниканың көмегімен 2 га аумақ тазартылды, бірнеше мың 200 және 275 литрлік бөшкелер сығылды, шамамен 100 текше метр жанар–жағар май цистерналарға құйылды, металл үйінділеріне жартылай жер қыртысы тиелді. Мұның бәрі солтүстік жағалауға, кейіннен аралдан шығару үшін әкелінді.

Қазақстанның гидрометеорологиялық қызметінің қызметкері ретінде Роман үшін аралға шығу тәжірибесі аса қызық. Себебі мұнда 1953 жылы ұйымдастырылған, метеостанция жұмыс істейді. Айтпақшы, ауа-райының қолайсыздығына байланысты алғашқы метеорологтар мұнда 1954 жылдың ақпан айында келген. Ал 1 наурыздан бастап станция іске қосылған еді. Ол күндері метеорологтың жұмысы қиындықтарға толы болды. Көрсеткіштерді анықтау үшін, қызметкерлерге маякқа, жағаға шығуға тура келетін. Бұл жердегі қауіптілік, жыртқыш аңдарды кездестіріп алуда болды. Мәселен, полярлық аю шабуыл жасайтын жағдайларға тап болып қаламыз деген мүмкіндікті ескере отырып, метеорологтар өздерімен бірге қару алып жүретін (60-шы жылдары карабиннің салмағы 8 келі болды).

Бірақ кейінірек, 2011 жылдан бастап, станция желдің, температура мен ылғалдылықтың сипаттамаларына, адамның қатысуынсыз бақылау жасайтын болды. Яғни автоматты режимге көшіп, күн батареялары мен жел генераторы негізінде жұмыс істей бастады.


Петропавл қаласының тұрғыны үшін солтүстіктің қаталдығы жаңалық болған жоқ. Алайда мұнда бәрі басқаша екенін атап өтті. Бұл жайында Роман өз әсерінде бөлісті:

— Метеостанция аумағында ескі термометрлерді табу қызықты болды. Мен тапқан ең көне, 1960 жылы жасалған. Көптеген метеорологиялық жабдықтар да шашырап жатты. Бұл – психрометриялық күркелер де, шөгінді өлшегішке арналған ағаш баспалдақтары да болды. Таңқаларлығы, мұның бәрі өте жақсы сақталған екен. Сірә сапа деген осы шығар.
Аралда болған адамдардың әртүрлі құжаттары мен естеліктерін оқып отырып, мен романтика атмосферасына түсіп, сонымен бірге еңбек пен өмірдің қиын жағдайларын бойымнан өткіздім. Менің ойымша, аралдағы метеорологтар үлкен ерлік жасады.

Біз Романның сөзіне толықтай қосыламыз: өзіңді  әлемнен ажыратқандай сезіне тұра, барша планетаны құтқаруына титтей болса да септігі тигізетін пайдалы іс жасау — қаһармандық деп санаймыз.

Және соңында тек бір ғана нәрсе айтқымыз келіп отыр: біз сені мақтан тұтамыз, Роман!

Біз барша қызметкерлерімізді мақтан етеміз…

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз