Алматыдағы зертхананы түрлендіру және жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілді

IconЖарияланды 23.08.2021

"Қазгидромет" РМК Алматы қаласындағы зертхананы халықаралық стандарттарға сәйкес қайта құру және жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.
2020-2021 жылдар аралығында күрделі жөндеу жүргізіліп, зертханалық жиһаз орнатылды, анықталатын көрсеткіштерді кеңейту үшін заманауи зертханалық аспаптар сатып алынды.
Зертхана бенз (а) пирен, ұшпа органикалық қосылыстар, атмосфералық ауадағы ауыр металдар сияқты қауіпті ластаушы заттардың құрамына толыққанды және сапалы талдауды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті жабдықтармен (газды хроматограф, жоғары тиімді сұйық хроматография, масс-спектрометр, атомды-абсорбциялық спектрометр, портативті анализаторлар және т.б.) қамтамасыз етілді.
Бұдан басқа, зертхана енді жер үсті суларының, топырақтың, түптік шөгінділердің, атмосфералық жауын-шашынның, қар жамылғысының, радиациялық фонның сапасына талдау жүргізеді. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар, атмосфераға авариялық шығарындылар және су объектілеріне ластаушы заттардың төгінділері жағдайларында жедел шығуды жүзеге асырады.
Зертхана аккредиттелген және ИСО/ХЭК 17025 "сынақ және калибрлеу зертханаларының құзыреттілігіне қойылатын жалпы талаптар" халықаралық стандартының талаптарына сәйкес келеді.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз