Сқақов Амангелді Амандықұлын еске алу

IconЖарияланды 05.10.2021

2021 жылдың 4 қазанында Қазақстанның көрнекті ғалымдарының бірі, белгілі географ-климатолог, экологиялық консалтингтің пионері — Амангелді Амандықұлы Сқақов өмірден өтті.

Амангелді Амандықұлы 1948 жылы 17 қыркүйекте Ресей Федерациясы, Кемеров облысының Белово қаласында дүниеге келген. Қазақстанда, шетелде оқып, тәжірибе жинақтап аянбай еңбек етті.

Метеоролог мамандығы бойынша ол, 1971 жылы ҚазМУ-дың география факультетін бітірген. Содан кейін КСРО гидрометеорологиялық орталығында (Мәскеу, 1976 жыл) аспирантураны тәмамдаған еді.Тоғыз жылдан кейін КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Халық шаруашылығы академиясының түлегі атанды. Осылайша, 1980 жылдардың соңына қарай география ғылымдарының докторы атағын алды. Айтуға сөз жетпейді: Сқақов АҚШ пен Ұлыбританияда оқып, тағылымдамадан өтіп, экологиялық қауіпсіздік, мұнайдың төгілуінің алдын алу, халықаралық экологиялық аудит, менеджмент және қоршаған орта мониторингі салаларында мамандырылды. Ал 80-жылдардың соңында Қазақстанның ұлттық гидрометеорологиялық қызметін, өмірінің соңғы жылдарында "Қазэкология" республикалық ғылыми-өндірістік ақпараттық орталығын басқарды. Әркез, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты ұтымды пайдалану мәселелері бойынша елдің қоғамдық өміріне белсенді қатысты.

90-нан астам ғылыми жұмыстар мен монографиялар жариялады, МАК төрағасы, ҚазҰУ диссертациялық кеңесінің мүшесі болды. Мамандар даярлаудағы көп жылғы еңбегі үшін оған профессор ғылыми атағы берілді.

Айтап өтпеске болмайды — Сқақов А.А., Қазақстан Республикасының "Қоршаған ортаны қорғау туралы" бірінші заңының авторы. Қазақстанның алғашқы табиғат қорғау ведомствосын – "мемлекеттік табиғат пайдалану комитетін" құруға белсене қатысқан, "Құрмет Белгісі" орденімен, "Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл" медалімен және басқа да сыйлармен марапатталған ұлы тұлға десек те артық етпес.

Қазақ «Жақсының аты өлсе де, хаты өлмейді» деген. Амангелді Амандықұлының баға жетпес тәжірибесі, өлшеусіз еңбегі барда ол мәңгілік жасай бермек — Қазгидромет ұжымының атынан, туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз