"Қазгидромет" РМК-ның Солтүстік Қазақстан бойынша филиалының қатысуымен, Петропавл қаласының "Алтын бесік" балабақшасында нағыз метеостанция құрылды. Ол балаларды табиғат құбылыстарын бақылауға арналған метеорологиялық құралдармен жабдықталған.
Метеорологтар — құтқарушылар мен әскери қызметкерлермен бірдей дәрежедегі маңызды мамандықтардың бірі. Олар ел өмірінің көптеген салалары үшін, әсіресе халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апаттардың алдын-алу және табиғи катаклизмді уақытылы болжау үшін өте қажетті ақпаратқа ие.
Қазгидромет филиалы балабақшаға қажетті құрал-жабдықтарды бөліп беріп, тәжірибелік көмек көрсетіп қана қоймай, оның қалай жұмыс істейтінін, ауа райы болжамын жасау үшін деректерді қалай қолдану керектігін түсіндірді. Балабақшада қазіргі таңда 350 бала метеоролог пен синоптиктің күрделі мамандығымен танысуда.
Ғылыми кеңес беріп, әдістемелік және практикалық көмек, қолдау көрсеткен біздің қызметкер, СҚО филиалының директоры —Қымбат Мерғалимова. Атап өтсек, бұл филиалдың пилоттық жобасы, алдағы кезде оны қала мектептеріне де бейімдеу жоспарланып отыр.