Қазгидромет қызметкерлері Atlas School оқушылары үшін Нұр-Сұлтан метеостанциясына экскурсия өткізді. Бұл Қазақстандағы ең көне метеорологиялық станциялардың бірі — жақында Нұр-Сұлтан метеорологиялық станциясы өзінің 150 жылдығын атап өтті.
Экскурсия барысында балалар, көптеген аспаптар, соның ішінде: термометрлер мен гигрометрлер бар психрометриялық будка, желдің жылдамдығы мен бағытын өлшеуге арналған аспаптар, жауын-шашын өлшегіш, топырақ термометрлері, флюгерлер және т.б. орнатылған метеорологиялық алаңды көрді. Сондай-ақ, бақылаулар өңделетін метеостанция ғимаратына да кіріп шықты.
Станцияға барғаннан кейін балалар Гидрометорталыққа барды. Мұнда біздің мамандар, метеорологиялық мониторингтен бастап ауа райы болжамын жасауға дейінгі барлық үдерісті көрсетті.
Сондай-ақ, оқушылар "Қазгидромет" РМК мұражайымен танысты. Мұнда тарихи құжаттар, метеорологиялық құралдар және Қазгидрометтің еңбек сіңірген қызметкерлерінің деректі естеліктері жинақталған. Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанның ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің тарихы мұражайы, 100 жылдық мерейтойымызға орай жақында ғана ашылған еді. Солайша бұл алғашқы экскурсиялардың бірі болды.