2022 жылғы наурыз көп жылдық рекордтарды жаңартты

IconЖарияланды 11.04.2022

Бірінші наурыз күні күнтізбелік көктем келді. Алайда әлі де жылу толқындары суық толқындармен, қармен, боранмен алмастырылып тұрды, бұл әсіресе наурыз айының соңында байқалды. 

Айдың басында Жерорта теңізінен келген циклон, республика бойынша жылуды оятты. Осыған байланысты күндізгі уақытта елдің оңтүстік-батысында, атап айтқанда Маңғыстау облысының метеорологиялық станцияларында: Аққұдық, Ақтау, Форт-Шевченкода, ауа температурасының көпжылдық мәндері жаңартылды. Мәселен, 3 наурызда Аққұдық метеостанциясында ауа температурасы +24,6°С дейін қызды, солайша 2008 жылғы рекордтан (+22,2°С) асып түсті. Ал Ақтау метеостанциясында +18,4°С тіркелді, айта кетсек 2017 жылы бұнда ауа температурасы +15,1°С белгісіне жеткен еді. Форт-Шевченко метеостанциясында болса, ауа температурасының ең жоғары мәні байқалды, ол – +17,5°С құрады, 2016 жылғы рекордты (+14,5°С) жаңартты.

Айдың екінші онкүндігінде ауа райы тұрақсыз болды, мұнда керісінше республиканың басым бөлігінде суықтың қарқынды толқыны байқалды. Осыған байланысты Қазақстанның солтүстігі мен солтүстік-шығысында екінші онкүндіктің соңында тіркелген ауа температурасының ең төменгі мәндерінің рекордтары жаңартылды. Мысалы, 17 наурызда Благовещенка метеостанциясында (Солтүстік Қазақстан облысы) ең төменгі ауа температурасы – -28,7°С (1960 жылы -27,8°С), Баянауыл метеостанциясында (Павлодар облысы) – -24,9°С (1988 жылы -23,0°С) тіркелді.

Оңтүстік циклондардың шығуымен, еліміздің оңтүстік бөлігінде қатты жауын-шашын орын алды: 6 наурызда Тасарық метеостанциясында (Түркістан облысы) қатты жаңбыр байқалды, айлық норманың жартысы жауды – 45,9 мм (бір айдағы норма бойынша 102 мм), ал 26 наурызда П.Кохажметов метеостанциясында (Түркістан облысы) өте қатты жаңбыр болды – 36,2 мм (норма айына 46 мм).

Наурыздың үшінші онкүндігінде қатты жел, боран, қатты жаңбыр, қар, тұман сияқты қолайсыз ауа райы жағдайлары байқалды. Еліміздің оңтүстігінде, орталығында және солтүстігінде жекелеген күндері желдің екпіні 30-38 м/с дейін жетті.

Айдың соңында болса, республиканың солтүстігінде, солтүстік-шығысында және оңтүстігінде дауылды ауа райы орын алды, елдің көп бөлігінде дауылды ескерту жарияланды. Солтүстік циклонның белсенді әрекетімен және атмосфералық фронтальді бөліктердің шиеленісуімен, жел, бұрқасын, жауын-шашын күшейді. 29 наурызда Есік, Кеген, Шарын метеостанцияларында (Алматы облысы) екпіні 31 м/с-қа дейін жеткен қатты жел, Шымбұлақ метеостанциясында (Алматы облысы) өте қатты қар – 24,2 мм (айына норма 82 мм), Бәйтерек автоматтық метеостанциясында (Нұр-Сұлтан қ.), Ерейментау метеостанциясында (Ақмола облысы), ЦЭС АМС-да (Павлодар облысы) және т.б. боран мен көрінудің 50 м-ге дейін нашарлауымен 31-34 м/с дейінгі дауылды жел байқалды.

Нұр-Сұлтан қаласында ең жоғары ауа температурасы 31 наурыз күні күндіз байқалды, ол +4,8°С құрады, ал ең төмен ауа температурасы 17 наурыз күні түнде болды, ол  -19,0°С құрады.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз