Тамыздың бірінші онкүндігінде дәнді дақылдардың толық пісуіне және егін жинау науқанының басталуына көбінесе қанағаттанарлық жағдай болған.
Республиканың солтүстік жартысында дәнді дақылдар егістіктерінде көбінесе «дәннің сүттенуі» - «дәннің уыздануы», жеке учаскелерде «толық пісуі», кеш себілген егістерде «масақтануы» және «гүлденуі» даму фазалары байқалған. Егістің жағдайы көбінесе жақсы, кейбір учаскелерде қанағаттанарлық. Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарындағы жаздық дәнді дақылдардың ерте себілген егістіктерінде егін жинау жұмыстарына, Солтүстік Қазақстан облысында бидайды бөлек жинау кезінде орауға кіріскен.
Алматы облысында жаздық бидайдың жағдайы жақсы. Даму фазасы «дәннің сүттенуі» - «дәннің уыздануы», жауған жауын-шашын арпаны жинау жұмыстарына біршама кедергі келтірген.
Алматы және Жамбыл облыстарында күздік бидай жинау науқаны аяқталды, Түркістан облысы Төлеби ауданы Тасарық станциясының маңайында егін жинау жұмыстары жалғасуда.
Елдің оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында жылу сүйгіш дақылдардың (жүгері, күріш, мақта, қант қызылшасы, соя) жағдайы өте жақсы және жақсы. Түптеу және өсімдіктерді суару жалғасуда.
Алматы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының бақылау учаскелерінде картопты вегетациялық суару жалғасуда. Өсімдіктердің жағдайы тегіс өте жақсы және жақсы, даму фазасы «гүлдену» - «пәлектердің солуы».
2022 жылдың тамыз айының 1-ші онкүндігіне арналған агрометеорологиялық шолумен, толығырақ келесі сілтеме арқылы өтіп, таныса аласыз: https://www.kazhydromet.kz/ru/agrometeorology/kratkiy-obzor-agrometeorologicheskih-usloviy