Қазақстан аумағы бойынша ай бойы орта тропосферада циклонның биік жырасы басым болып, жер бетіндегі қабатта Балтық аудандарынан келген ауқымды антициклон орын алды. Антициклонның шығыс перифериясының ықпалымен арктикалық ауаның келуі республиканың шығыс жартысында ауа температурасының теріс ауытқуына себеп болды. Сонымен, айдың ортасында күздің алғашқы лебімен бірге ауа райы да салқындай бастады, бұл кезде солтүстікте, орталықта, шығыста және оңтүстік-шығыста ауа температурасы түнде +3+10°С, күндіз +12+20°С дейін төмендеді.
Тек, батыс өңірлерде ай бойы дерлік антициклонның батыс перифериясының ықпалымен Иран мен Жерорта теңізінің шығыс бөлігінен келген жылы ауаның енуі байқалды. Сынап бағанасы күндіз +35+41°С дейін көтерілді. Ауа температурасының мұндай жоғары мәндері рекордтық көрсеткіш болған жоқ, өйткені метеобақылаудың бүкіл тарихында ауа температурасы +40+46°С дейін көтерілген кездер болды. Дегенмен, Манғыстау облысының кейбір метеостанцияларында ауа температурасының тәуліктік рекордтық мәндері тіркелді. Мысалы, Ақтау метеостанциясында 15 тамызда ең жоғары ауа температурасы +40,1°С құраған, бұл рекордтық көрсеткішке айналды. Соңғы рет осы күні ең жоғары ауа температурасы 2008 жылы (+39,2°С) байқалды. 16 тамызда Форт-Шевченко метеостанциясында ең жоғары ауа температурасы +40,2°С жетті, осы күннің ең жоғары ауа температурасы 2012 жылғы +39,3°С құраған рекордынан асты.
Жоғары атмосфералық қысымның басым болуы себебінен Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын тапшылығы байқалды. Тек айдың бірінші онкүндігінде Скандинавия түбегіндегі және Шығыс Сібірдегі циклондардың орталығымен байланысты атмосфералық фронттар республиканың солтүстік, орталық, шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарында қатты жауын-шашынның жаууына себеп болды, жауын-шашынның мөлшері тәулігіне 15 мм-ден 37 мм-ге дейін жетті. Мысалы, 1 тамызда Осакаровка метеостанциясында (Қарағанды облысы) тәулігіне 31 мм, 5 тамызда Тасты метеостанциясында (Түркістан облысы) - 37 мм, 7 тамызда Солтүстік Қазақстан облысындағы Возвышенка метеостанциясында - 15 мм, Чкалово метеостанциясында - 21 мм, 9 тамызда Аршалы метеостанциясында (Ақмола облысы) - 23 мм құрайтын жаңбыр жауды. Жауын-шашыннан басқа, Достық (Жетісу облысы) АМС-да (автоматты метеорологиялық станция) солтүстік-батыстан соққан жел күшейіп, апатты гидрометеорологиялық табиғи құбылыстарының өлшем шарттары деңгейіне 31-35 м/с жетті.