2022 жылдың 17-18 қазаны аралығында Оңтүстік Кореяның Чеджу аралында SDS-WAS (RSG) құмды және шаңды дауылдарды ескерту және бағалау жүйесі бойынша Азия аймағының басқару тобының 8-ші отырысы өтеді.
Кеңесте «Қазгидромет» РМК Деректерді өңдеудің сандық әдістері мен автоматтандыру басқармасының бастығы Манзура Насырова «Қазақстан атмосферасындағы ластаушы заттарды модельдеу мониторингісінің ілгерілеуі және алғашқы қадамдар» деп аталатын баяндама жасайтын болады.
Кеңес Азиядағы SDS-WAS жүйесіне мүше елдер арасындағы тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты үйлестіруге, сондай-ақ құмды және шаңды дауылдарды мониторингілеу және болжау мүмкіндіктерін кеңейте түсуге бағытталған. Елдер ассимиляция, құмды және шаңды дауыл модельдерінде спутниктік қашықтықтан зондтау деректерін қолдану, атмосфералық ауаның сапасы және атмосфералық құмды және шаңды дауылдарды болжаудың интеграцияланған жүйесін қолдану, сондай-ақ мультимодельді интеграцияланған болжауды қолдану барысы және оларды бағалау сияқты тақырыптар бойынша өз жетістіктерімен алмасады.
Кездесудің мақсаты - сандық болжауды жетілдіру, сондай-ақ халықаралық техникалық алмасуға, деректер мен тәсілдерді бірлесіп пайдалануға және Азиядағы құмды және шаңды дауылдарды болжаудың дәлдігін арттыруға ықпал ету.