№22 мектеп оқушылары елордалық метеорологиялық станцияға барды. Оқушылар қоршаған ортаны қорғау бойынша қалалық конкурсқа жоба дайындауда және атмосфералық ауаның ластану себептерін зерттеуде. Зерттеулер жүргізу үшін жас экологтарға елордадағы орташа температура, жел және жауын-шашын туралы мәліметтер қажет болып, «Қазгидромет» РМК мамандары көмек көрсетті. Кішкентай зерттеушілерге Ауа-райы қызметінің жердегі бақылау желісі қалай жұмыс істейтіні, жауын-шашын мөлшері қалай өлшенетіні, сондай-ақ желдің күші мен бағыты қалай анықталатыны көрсетіліп, ең көне метеостанцияның тарихы жөнінде айтылды. Метеостанция сәулет ескерткіші болып табылатын 1916 жылғы ғимаратта орналасуымен ерекшеленеді. Құрылысты Николаев негізгі физикалық обсерваториясының тапсырмасы бойынша Екатеринбург обсерваториясы салған және ол қаламыздың метеорологиялық қызметінің пайда болуымен байланысты. Метеостанция осы уақытқа дейін өзінің бастапқы мақсаты бойынша қолданылып келеді.