2-4 қараша аралығында Женева қаласындағы ДМҰ штаб-пәтерінде ДМҰ VI өңірлік қауымдастығының (РЕСО) конференциясы өтуде. Конференцияның негізгі тақырыбы - Ұлттық метеорологиялық және гидрологиялық қызметтердің (ҰМГҚ) болашақ рөлі: Басшылық және басқару. Конференцияның мақсаты - инфрақұрылымға қатысты тақырыптарды, зерттеулерді, қызметтерді, басқаруды, стратегия мен заңнаманы, сондай-ақ мемлекеттік және жеке секторлардың қатысуын қоса алғанда, Еуропадағы ҰМГҚ болашағын талқылау үшін ұлттық метеорологиялық және гидрологиялық қызметтер басшыларының, жеке және ғылыми секторлар мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің басын қосу.
Орталық Азия өңірінде Қазақстанның ҰМГҚ-сы белсенді рөл атқаратындығын ескере отырып, жалпы ТМД елдері гидрометқызметтерінің жұмысы аясында, РЕСО ұйымдастыру комитеті «Қазгидромет» РМК Бас директоры Данар Әлімбаеваны панельдік сессияның негізгі баяндамашысы ретінде шақырды.
Қазақстан гидрометқызметі басшысының «RA VI өңірлік қауымдастығы үшін «Жер жүйесі» тәсілінің негізіндегі инфрақұрылым, қызметтер және зерттеулер саласындағы ынтымақтастықтың пайымы: ҰМГҚ болашағы» деп аталатын баяндамасында Батыс-Шығыс мониторингі мен алдын алу жүйелерін интеграциялауға деген қызығушылық білдірілді.
Конференцияға қатысушылар мен ДМҰ Хатшылығы Қазақстанның ҰМГҚ-сы ұсынған ұсыныстарды жоғары бағалады және VI өңірлік қауымдастық шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ Батыс пен Шығыс гидрометқызметтерінің өзара түсіністігін арттыруға қосқан үлес ретінде атап өтті.