2022 жылғы 17 қарашада Ресей Федерациясының Тюмень қаласында Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясының XII (XXX) отырысы өтті.
Қазақстандық делегацияны ҚР ЭГТРМ вице-министрі С.Мұқатаев басқарды. Біздің елімізден қатысушылардың қатарында ҚР Сыртқы істер министрлігінің, ҚР ЭГТРМ Су ресурстары комитеті мен Трансшекаралық өзендер департаментінің, Жайық, Тобыл, Есіл өзендерінің бассейндік инспекцияларының, «Қазгидромет» РМК және «Қазсушар» РМК өкілдері болды.
Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасында жасалған Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісімнің шеңберінде Ертіс, Есіл, Тобыл, Жайық, Қараөзен, Сарыөзен, Қиғаш өзендерінің бассейндері бойынша жұмыс топтарының басшылары көктемгі су тасқынын өткізу, су қоймаларын толтыру, сондай-ақ халықты және экономика салаларын сумен қамтамасыз ету шарттары туралы есеп берді, ал «Қазгидромет» РМК трансшекаралық су объектілері бойынша гидрохимиялық ақпарат ұсынды. Сонымен қатар, су ресурстарының жай-күйін жақсартуға бағытталған су қорғау іс-шараларын өткізу мәселелері талқыланды.