2023 жылдың қаңтар айынан бастап «Қазгидромет» РМК сайтында «Гидрологиялық деректер базасы» https://meteo.kazhydromet.kz/database_hydro_kz/ атты жаңа бөлім ашылады. Бұл су шығыны мен деңгейі, су объектісінің жай-күйі, мұздың қалыңдығы мен мұздағы қардың биіктігі және тағы басқалар сияқты гидрологиялық ақпараттың құрылымдық жиынтығы. Гидрологиялық базаны жіктеу және ретке келтіру жөніндегі бағдарлама «Қазгидромет» РМК күштері мен құралдарымен құрылған.
Базаға 1995 жылдан бастап «Қазгидромет» РМК гидробекеттерінің бақылау деректері жүктелген. Бүгінгі таңда гидрологиялық бақылаулар республиканың бүкіл аумағында орналасқан 208 су ағынында, 27 көлде және су сақтағыштарында үздіксіз мониторинг жүргізетін 367 гидробекетте жүргізіледі. Осы кезеңдегі гидробекеттердің саны азаю және ұлғаю тарапынан өзгерді, осыған байланысты ақпарат нақты деректер бойынша ұсынылды.
Жиналған барлық ақпарат анықтамалық электрондық база ретінде қолжетімді және пайдаланушы 1995-2022 жылдар аралығына объективті және нақты ақпарат ала алады. Бұл деректер жиынтығы тұтынушылардың сұранысы мен гидрологиялық ақпаратты қанағаттандыруға арналған. Электрондық база толықтырылады және қажет болған жағдайда пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін ұсыну нысаны өзгертіледі.