2023 жылдың сәуір айының 1-ші онкүндігіне қысқаша агрометеорологиялық шолу

IconЖарияланды 14.04.2023

Еліміздің оңтүстігінің және оңтүстік-шығысының күздік дәнді дақылдар себілетін аудандарында күндізгі уақытта ауа температурасының жоғарлауы өсімдіктердің қайта дамуына және күздік бидайдың өсіп-өнуіне қолайлы болған.    

Алматы, Жетісу Жамбыл және Түркістан облыстарының бақылау учаскелерінде күздік бидайдың жағдайы өте жақсы және жақсы, даму фазасы «3-жапырақ» - «төмен сабақ түйінінің пайда болуы».  

Елдің оңтүстігінің бақылау учаскелерінде топырақты алдын-ала өңдегеннен кейін жаздық арпа себу науқаны жалғасуда, егін сапасы мен өсімдіктердің жағдайы жақсы. Жамбыл және Алматы облыстарында жаздық арпаның ерте себілген егістіктерінде «адәннің өнуі» - «көктеу», Түркістан облысында «түйін тамырларының пайда болуы» және «түптену» даму фазалары байқалған.

Түркістан облысында Ошақты агропосты маңайында дәнге себелетін жүгері себу аяқталған, даму фазасы «дәннің өнуі» - «көктеу». Өсімдіктердің жағдайы жақсы. 

Жетісу облысы Ақсу ауданы агропосты маңайында топырақты дайындағаннан кейін қант қызылшасын себуге кіріскен, дала жұмыстарының сапасы жақсы.

Жеміс дақылдары бақылау учаскелерінде (алма, алмұрт, таңқурай) оңтүстік облыстарда «ағаш бүршіктерінің бөртуі» – «гүл шоғырларының пайда болуы», сондай-ақ шиеде «гүлдену» даму фазалары байқалған. Жеміс дақылдарының жағдайы тегіс жақсы.

Елдің оңтүстік аймақтарында жоңышқа, беде шөптерінің белсенді вегетациясы байқалған. Жоңышқа шөптерінің жағдайы көбінесе жақсы, Алматы облысы Бақанас және Жетісу облысы Үштөбе станцияларының маңайында қанағаттанарлық.

Өткен онкүндікте ауа-райы жағдайы мал жайылымына тегіс қолайлы болған. Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданында және Атырау облысының Қызылқоға ауданында мал басын азықтандыру жалғасуда.

Түркістан облысының Созақ ауданында және Ұлытау облысының Ұлытау ауданында малдарды жаздық жайылымдарға айдау басталған.

Жайылымдар әлсіз және орташа тапталған. Шымның жағдайы көбінесе құрғақ, кейбір жерлерде дымқыл.

 

 

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз