2023 жылғы сәуір айының басында күн жылы және ашық болды. Республиканың басым бөлігінде бірінші онкүндіктегі ауа температурасы нормадан 1-8° жоғары көрсеткішті көрсетті. Солтүстік өңірлерде температуралық максимумның рекорды жаңарды, мысалы, 5 сәуірде Астана метеорологиялық станциясында температура +19,2°С дейін көтерілді (алдыңғы рекорд 2022 жылы +17,2°С болды), 6 сәуірде Арқалық метеостанциясында (Қостанай облысы) +22,1°С тіркеліп, 2013 жылғы абсолютті максимум +17,9°C жаңарды, ал Петропавл метеостанциясында (Солтүстік Қазақстан облысы) температуралық рекорд +18,6°С құрады, бұл көрсеткіш 1995 жылы +15,8°С құраған және т. б. Тек қана Қазақстанның оңтүстік-шығысында, шығысында және солтүстік-шығысында ауа температурасы нормаға жуық және одан 1-2°С төмен болды, ал оңтүстік-шығыс өңірлерде 1-15°С дейін аяз байқалды.
Айдың екінші онкүндігінде айтарлықтай және ұзақ уақыт бойы орын алған жылы ауа райынан кейін қыс Қазақстанға қайта оралды. Республиканың басым бөлігіне суық және ылғалды арктикалық ауа массасы келіп, мол жауын-шашын жауды, ал солтүстік өңірлерде қар жауып, боран соқты, екі тәуліктің ішінде жауын-шашынның екі айлық нормасы жауды, мысалы, Ақмола облысындағы Атбасар метеостанциясында 14-15 сәуірде 35 мм (норма айына 18 мм), Жалтыр метеостанциясында 14-15 сәуірде 40,5 мм (норма 21 мм), Павлодар облысындағы Көктөбе метеостанциясында 14-15 сәуірде 26 мм (норма 15 мм), Екібастұз метеостанциясында 23 мм (норма 15 мм), Павлодар метеостанциясында 23 мм (норма 17 мм) жауын-шашын жауды. Ақтөбе облысының басым бөлігінде мол жауын-шашын жауып, жаңбыр қарға ұласты (мысалы, Ойыл метеостанциясында 14 сәуірде қатты жаңбыр (26 мм) жауды, айлық норма - 25 мм). Содан кейін солтүстік-батыс антициклоны келіп, Қазақстанның бүкіл аумағында температуралық фон күрт төмендеді, республиканың солтүстігінде ауа температурасы түнде -10-21°С дейін төмендеді (16 сәуірде Степногорск метеостанциясында -20,8°С болды), елдің солтүстігінде, солтүстік-шығысында және шығысында сәуір айының температуралық минимумның рекорды жаңарды. Мысалы, 16 сәуірде Атбасар метеостанциясында (Ақмола облысы) 1937 жылғы рекорд (-12,5°С) жаңарып, -14,2°С құрады, ал Павлодар метеостанциясында (Павлодар облысы) -11,6°С (2021 жылы -9,6°С болған), Өскемен метеостанциясында (Шығыс Қазақстан облысы) -9,0°С (2003 жылы -5,2°С болған) құрады. Қазақстанның оңтүстігінде ауа температурасы 0,-7°С дейін, таулы аудандарда -8-12°С дейін төмендеді.
Сәуір айының үшінші онкүндігінде Қазақстан аумағына нағыз көктем келді. Тропиктік ауа массасының орын алуы мен антициклонның басым әсерімен республика аумағының көптеген бөлігінде күн жылы әрі ашық болды, сынап бағанасы осы кезең ішіндегі жоғары рекордтық көрсеткіштерге дейін жетіп,
елдің батысы мен оңтүстігінде +25 + 35°С, солтүстігінде, шығысында және орталығында +25+30°С құрады.
Елордада ең төменгі ауа температурасы 16 сәуірде (-12,6°С), ал ең жоғары ауа температурасы 28 сәуірде (+27,5°С) тіркелді, осылайша 2020 жылғы рекорд (+27,2°С) жаңарды. Сонымен қатар мынадай екі температура рекорды тіркелді: 4 сәуірде +18,0°С (2020 жылғы рекорд +16,9°C жаңарды) және
5 сәуірде +19,2°C (2022 жылғы рекорд +17,2°c жаңарды). Жауын - шашын нормадан артық жауды (51 мм), айлық норма - 22 мм. Ай ішіндегі жауын-шашынның көп бөлігі 14-17 сәуір аралығында жауды, мәселен 14 сәуірде
6,1 мм жаңбыр, 15-17 сәуір аралығында 38,3 мм қар жауды.