«Қазгидромет» РМК 2023 жылғы 16 мамырда жаңа үй-жайдағы Салыстырып тексеру зертханасының ашылу салтанатын өткізді. Салтанатты іс-шараны ҚР ЭТРМ вице-министрі Д.Б. Бекмағамбетов ашты. Жұмыс сапасы мен мамандардың еңбек жағдайын жақсарту үшін зертхана «Қазгидромет» РМК ғимаратына көшірілді. Бұдан бұрын ол метеостанция ғимаратының шағын бөлмесінде орналасқан еді. Зертхананың мекенжайы өзгеруінен басқа, жұмыс географиясы да кеңейе түсті. 2014 жылға дейін ол елордада қызмет көрсетті, бүгінгі таңда зертхана құрылымы Қазгидрометтің 14 өңірлік филиалына барып қызмет көрсетеді.
Зертхананың негізгі қызметі – өлшеу құралдарын белгіленген техникалық және метрологиялық талаптарға сәйкестігін растау, сондай-ақ қолдануға жарамдылығын анықтау мақсатында салыстырып тексеру. Барлық жабдық жыл сайын «ҚазСтандарт» РМК мен «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ-да, сондай-ақ Бүкіл Ресейлік метрология ғылыми-зерттеу институтында (Санкт-Петербург қ.) калибрлеуден өтеді, онда олардың нақты метрологиялық сипаттамалары және қолдануға жарамдылығы айқындалып, калибрлеу туралы сертификаттар беріледі.
Зертхана өлшеу құралдарын салыстырып тексеруге аккредиттелген және оның МЕМСТ ISO/IEC 17025-2019 мемлекетаралық стандартына сәйкестігі туралы аккредиттеу аттестаты бар.
Зертхананың барлық мамандары жыл сайын біліктілікті арттыру бойынша сыртқы курстардан өтеді және білім деңгейін көтеру үшін ай сайын ішкі техникалық оқудан өтеді.