22 мамыр - 2 маусым аралығында Швейцарияның Женева қаласында Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымға (ДМҰ) мүше 193 мемлекетті біріктіретін он тоғызыншы Дүниежүзілік метеорологиялық конгресс өтуде. Дүниежүзілік метеорологиялық конгрестің сессиялары ұйымның барлық мүшелерінің қатысуымен төрт жылда бір рет өткізіледі. Дүниежүзілік метеорологиялық конгресс - ДМҰ-ның ең жоғары конституциялық органы болып табылады. Атқарушы кеңес оның шешімдерін жүзеге асырады, ал алты аймақтық қауымдастығы метеорологиялық және гидрологиялық қызметті үйлестіру үшін жауапты болып табылады.
Қазақстандық делегацияны Қазақстанның Ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің бас директоры, ДМҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Данара Әлімбаева басқарды.
Биылғы жылы конгресс өз жұмысында ДМҰ-ның 2030 жылға қарай барлық елдер экстремалды ауа-райы жағдайының, климаттың, су тапшылығының және басқа да табиғи құбылыстардың әлеуметтік-экономикалық салдарына неғұрлым төзімді болуы керек деген көзқарасын ілгерілетуге бағытталған 2024-2027 жылдарға арналған стратегиялық жоспарды бекітті.
Сонымен қатар температураның көтерілуіне ықпал ететін шығарындыларды азайту бойынша шұғыл шаралар қабылдауды қолдау үшін парниктік газдарды мониторингілеу саласындағы жаңа бастаманы бекіту тарихи шешім болды. Конгрестің Парниктік газдарды бақылайтын ғаламдық қызмет құру жөніндегі қарарын ДМҰ-ның 193 мүше мемлекеті бірауыздан қолдады.
Бұған қоса биыл конгресс аясында ДМҰ Президенті, вице-президенттері, Атқарушы кеңестің мүшелері және Бас хатшы сайланатын болады.