2023 жылғы 1 маусымда Қазақстан мен Әзірбайжан гидрометеорологиялық қызметтерінің өкілдері арасында онлайн кездесу өтті. Іс-шара Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссия шеңберінде өтті.
Кездесудің тақырыбы - Каспий теңізінің акваториясындағы жел энергиясын пайдалану әлеуетін бағалау бойынша тәжірибе алмасу. Екі қызметтің де өкілдері баяндама жасады. Әзірбайжан тарабы «Каспий теңізінің акваториясындағы жел энергиясын пайдалану», «Каспий теңізі акваториясында жүргізілетін жұмыстың мониторингі» және «Климаттың өзгеруінің Кура өзенінің ағынына әсері» тақырыптарында баяндамалар ұсынды.
«Қазгидромет» РМК қызметкерлері өз кезегінде Каспий теңізінің гидрометеорологиясы саласындағы қызметі туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар сандық модельдеу негізінде Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы жел толқынының зерттеулерімен бөлісіп, «Қазақстандық сектордың Каспий маңы өңірінің климаттық өзгерістері және мұз режимі» атты баяндама жасады.