Аргентиналық профессор Селеста Сауло - Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) алғашқы әйел бас хатшысы болып тағайындалды. Ол климаттың өзгеруін және экстремалды ауа райы жағдайын мониторингілеу және олармен күресу бойынша алдыңғы қатардағы халықаралық деңгейдегі ұйымды басқаратын болады.
Профессор Сауло 2014 жылдан бастап Аргентина ұлттық ауа райы қызметінің директоры қызметін атқарып келеді және қазіргі уақытта ДМҰ-ның бірінші вице-президенті болып табылады. Ол ДМҰ Бас хатшысы лауазымына
2024 жылғы 1 қаңтарда кірісіп, екі мерзімді мандатын аяқтаған профессор Петтери Тааластың орнын ауыстырмақ.
Профессор Сауло құрамы 193 мүше мемлекетті қамтитын, төрт жылда бір рет өтетін ДМҰ-ның жоғарғы директивалық органы - Дүниежүзілік метеорологиялық конгресте делегаттардың үштен екі даусының қажетті көпшілігін алғаннан кейін тағайындалды.
Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық метеорология орталығының бас директоры, ДМҰ жанындағы БАӘ тұрақты өкілі және Азия үшін ДМҰ аймақтық қауымдастығының президенті, доктор Абдулла әл-Мандус - ДМҰ-ның келесі президенті болады. Президенттік сайлау кезінде ол дауыстардың көпшілігіне ие болды.
Доктор әл-Мандус 2008 жылдан бастап ДМҰ жанындағы БАӘ-нің тұрақты өкілі және 2017 жылдан бастап Азия үшін аймақтық қауымдастықтың президенті болып табылады.
Ол - ДМҰ Атқарушы кеңесінің мүшесі болып табылады және Тропикалық циклон бойынша сарапшылар тобының төрағасы қызметін атқарды. Доктор Аль-Мандус – Араб мемлекеттері лигасының Метеорология жөніндегі тұрақты комитетінің мүшесі және Шығанақ елдері ынтымақтастығы кеңесінің Метеорология және климат жөніндегі тұрақты комитетінің мүшесі.
Доктор Аль-Мандус Дүниежүзілік метеорологиялық конгрестен кейін бірден Президент қызметіне кірісетін болады. Біріккен Араб Әмірліктері осы жылдың желтоқсан айында БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі 28-ші конференциясын өткізеді.