Астанада 14-16 маусым аралығында Л. Н. Гумилев атындағы Ұлттық Еуразия университетінде «Климаттың өзгеруінің су ресурстарына әсері» атты семинар өтті. Іс-шараға Қазақстанның Ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің мамандары қатысты. «Қазгидромет» РМК Ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері бұл семинарға климаттың су ресурстарына әсері саласындағы шетелдік зерттеу тәжірибесімен танысу және үйрену мақсатында қатысты.
Семинарды Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің «Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару саласындағы құзыреттерді дамыту және француз тәжірибесін ілгерілету» жобасы шеңберінде Францияның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырып, Геологиялық және тау-кен зерттеулері бюросының (BRGM) шақырылған гидрогеологы Адриен Селлес (Adrien Selles) негізгі сарапшы болды.Үш күндік курс климаттың өзгеруінің су ресурстарына әсері туралы мәселелерді талқылаудың бірнеше кезеңдерін қамтыды. Алғашқы күні қатысушылар климаттың өзгеру жағдайларын және Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының (IPCC КӨҮСТ) рөлін талқылады.
Семинардың екінші күні толығымен жер үсті және жер асты суларының ресурстарына арналды. Қазгидрометтің Гидрологиялық процестерді модельдеу және гидрологиялық есептеулер басқармасының жетекші ғылыми қызметкері Бота Айтымова 8 су шаруашылығы бассейні бойынша су ресурстарының жекелей және жалпы республика бойынша қалай бағаланатындығы, сондай-ақ климаттың өзгеруінің еліміздің су ресурстарына әсері жөнінде айтып берді.
Қатысушыларға сонымен қатар Франциядағы тәжірибе таныстырылып, су ресурстарын бейімдеу және басқару әдістері көрсетілді. Семинар аяқталған үшінші күні мәселелер талқыланып, тыңдаушыларға сертификаттар табыс етілді.