2023 жылдың 21 маусымы күні Астана қаласында Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы (АҚДҚ) «Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі жөніндегі өңірлік сындарлы диалог» жобасының шеңберінде Жұмыс тобының отырысын өткізді.
Отырысқа Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінен келген мемлекеттік органдардың өкілдері, климаттың өзгеруі және су ресурстарын басқару жөніндегі сарапшылар қатысты. Біздің елден аталмыш талқылауға «Қазгидромет» РМК қызметкерлері - Гидрология департаментінің директоры Адель Ахметов пен Климаттық зерттеулер басқармасының бастығы Тұрсын Тілләкәрім қатысты.
Диалогтың мақсаты - климаттың өзгеруі жағдайында трансшекаралық су ынтымақтастығын нығайтудағы шағын бассейндік кеңестердің рөлін талқылау. Кездесуде зерттеулердің нәтижесі ұсынылып, алынған нәтижелерді шағын бассейндік кеңестердің қызметіне интеграциялау бойынша одан кейінгі қадамдар талқыланды. Кездесудің қорытындысы бойынша Жұмыс тобы трансшекаралық деңгейдегі шағын бассейндік кеңестердің рөлін нығайту үшін аралық ұсынымдар мен ұсыныстар жасады.