Орталық Азияда алғаш рет Қазақстанның Ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің базасында «COROBOR» платформасы енгізілуде. Интеграцияланған платформа Орталық Азия елдерінің (Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан) ауа райы қызметтеріне қашықтан қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл платформа Дүниежүзілік банктің «Орталық Азия елдерінің гидрометқызметтерін жаңғырту» атты жобасын іске асыру шеңберінде Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның қолдауымен енгізілуде.
Платформаны баптап, қызметкерлерді оқытқаннан кейін «COROBOR» жүйесі барлық деректерді (жерүсті желісінен алынған нақты ауа райы туралы мәліметтерді, спутниктен түсірілген суреттерді, радарлық деректерді және т.б.) автоматты түрде жинауды, өңдеуді және талдауды жүзеге асыратын болады. Содан кейін бұл деректер пайдалы метеорологиялық өнімдерді, есептер мен болжамдарды жасау үшін оңай қол жеткізуге болатын базаға сақталады.