2023 жылғы 3-5 қазан аралығында Швейцарияның Женева қаласындағы «Палэкспо» көрме кешенінде Дүниежүзілік метеорологиялық технологиялар көрмесі - Meteorological Technology world Expo 2023 өтті. Жаһандық іс-шараға 100-ден астам елдің 145-тен астам экспоненті мен мыңдаған қатысушысы қатысты. Дүниежүзілік метеорологиялық технологиялар көрмесі -метеорологиялық, гидрометеорологиялық және метео-океанологиялық мониторинг саласындағы қызметтер мен технологияларды ұсынушылардың және жасап шығарушылардың ең ірі әлемдік экспозициясы болып табылады. Іс-шара ұлттық метеорологиялық қызметтердің, табиғатты қорғау агенттіктерінің және ғылыми-зерттеу институттарының пайдаланушыларын тартады. Сонымен қатар көрме аясында технологиялық форум өтіп, онда метеорологиялық ғылымдар саласындағы зерттеушілер мен жаңа технологияларды әзірлеушілер сөз сөйледі.
Көрмеге Қазақстанның Ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің бас директоры Данара Әлімбаева бастаған оның мамандары да қатысты. Бұл -гидрометеорологиялық сала үшін өзекті өнімдер нарығын зерттеуге және қызықтыратын сұрақтарды әлемдік өндірушілерге тікелей қоюға болатын жақсы мүмкіндік.
Қазіргі уақытта әзірленіп жатқан Ұлттық гидрометеорологиялық қызметті дамыту бағдарламасын іске асыру кезінде неғұрлым тиімді шешімдер ескерілетін болады.
«Мұндай платформалар гидрометқызметтерді жарақтандыруды тиімді жоспарлау үшін пайда беріп қана қоймайды, сонымен қатар мамандардың ой - өрісін едәуір кеңейтіп, ауа-райын мониторингілеуге және жедел болжауға қатысты технологиялық жаңалықтар туралы білуге мүмкіндік береді» - деді өз сөзінде Данара Әлімбаева.