2023 жылғы 14-15 желтоқсан аралығында Оңтүстік Кавказ (Армения, Әзірбайжан және Грузия) және Қазақстан өңірлерінің Ұлттық метеорологиялық және гидрологиялық қызметтерінің өкілдері Швейцарияның Женева қаласына жиналды.
Іс-шараның мақсаты - субөңірде «Барлығына ерте ескерту» бастамасы шеңберінде бақылау, мониторинг және болжау жүргізу кемшіліктерін жою мәселесін талқылау болды. Іс-шараны ДМҰ хатшылығы мен Финляндияның Сыртқы істер министрлігі Финляндия метеорологиялық институтымен және Финляндия қоршаған ортаны қорғау институтымен бірлесіп ұйымдастырды.
Кеңесте Қазақстанның Ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің атынан оның бас директоры, ДМҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Данара Әлімбаева сөз сөйледі.
Өз баяндамасында Д. Әлімбаева Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымға осы іс-шарада сөз сөйлеуге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіріп, мониторинг және болжау жүйелерінің ағымдағы жай-күйі, ұлттық және өңірлік деңгейдегі стихиялық гидрометеорологиялық құбылыстар туралы хабарлау жүйелерін дамыту жөніндегі жоспарлар мен ықтимал бағыттар жөніндегі ақпаратты ұсынды.