2024 жылғы 21 ақпанда Өзбекстанның Ташкент қаласында Германия Федералдық Сыртқы істер министрлігінің «Жасыл Орталық Азия» бастамасы аясында Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамы (GIZ) іске асырып жатқан «Орталық Азиядағы климаттық тәуекелдерді басқару» өңірлік бағдарламасы басқарушы комитетінің отырысы өтті. Бағдарлама су ресурстарымен байланысты трансшекаралық климаттық қауіп-қатерді төмендету әлеуетін дамытуға бағытталған және аталмыш бағдарлама арқылы су жинау бассейні кеңестеріне, гидрометеорологиялық қызметтерге, сондай-ақ төтенше жағдайлар жөніндегі орталықтарға консультациялық қолдау көрсетіледі.
Өзбекстандағы кездесу аясында жобаны іске асыру мәртебесімен және алдағы екі жылға арналған операциялық жоспармен таныстырылды. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің қатысушыларына сөз сөйлеуге және өз тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік берілді.
Іс-шараның екінші жартысы өзекті мәселелерді және 2024-2025 жылдарға жоба бойынша жоспарланған іс-шараларды талқылауға арналды. Комитет отырысының соңында қорытынды шығарылып, алдағы екі жылға арналған операциялық жоспар келісілді.