Қазгидромет Орталық Азиядағы гидрометқызметтерді жаңғырту жөніндегі халықаралық семинарға қатысты

IconЖарияланды 01.03.2024

2024 жылғы 29 ақпан - 1 наурыз аралығында Алматы қаласында Орталық Азияның гидрометеорологиялық қызметтерін жаңғырту жобасының (САНМР II) екінші кезеңі бойынша өңірлік семинар өтті.

Семинарды Дүниежүзілік банк ұйымдастырды және оның мақсаты - Орталық Азияда гидрометеорологиялық қызметтер көрсетудің сенімділігі мен уақтылығын арттыру болды. Екінші семинар ұсынылып отырған жоба шеңберінде қатысушыларға өңірлік ынтымақтастықтың жол картасын әзірлеу мүмкіндігін ұсынуға және одан арғы жұмыс іс-шараларын жүргізуге дайындалу қадамдарын келісуге бағытталған.

Кездесуге ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің, ҚР Көлік министрлігінің, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, сондай-ақ «Қазселденқорғау» ММ, «Қазаэронавигация» РМК және «Қазгидромет» РМК өкілдері қатысты.

«Қазгидромет» РМК бас директоры Данара Алімбаева өз сөзінде жобаның бірінші кезеңін іске асыру нәтижелерін атап өтіп, өзекті мәселелерге қысқаша тоқталды және екінші кезеңге қатысты ұсыныстарын айтты.

- Біз әзірлейтін және өңдейтін мәліметтердің көлемі жылдан жылға артуда, әрине, бұл есептеу қуатын жаңарту қажеттілігіне әкеледі. Жаңа гидрологиялық және агрометеорологиялық бекеттерді ашу, сондай-ақ қолда бар аэрологиялық бақылау желісін дамыту атмосфераның жай-күйі туралы неғұрлым нақты және ауқымды деректерді жинау арқылы ауа-райы мен климаттық өзгерістерді болжау сапасын арттыруға мүмкіндік беретін болады.  Су деңгейі мен шығынын бақылауды автоматтандыру тәулік бойы өзекті деректерді алу мүмкіндігін тудырып, су ресурстары мониторингісінің сапасын арттыра түсетін болады. Сонымен қатар, шекара маңы аймақтарында өлшенген деректерге деген сенімсіздік  жойылады, - деп атап өтті Д.Алімбаева.

 

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз