Нидерланд Корольдігіндегі Қазақстанның құрметті консулы Хэнк Нибур мен Нидерландтық табиғи апаттар қаупін төмендету және шұғыл қолдау көрсету жөніндегі ұйымның топ жетекшісі Фредрик Хетхоф Қазақстанның ұлттық гидрометеорологиялық қызметіне келді. Кездесуге «Қазгидромет» РМК басшылығы мен гидролог-мамандар қатысты.
Тараптар Қазақстандағы су тасқынының ағымдағы күрделі гидрометеорологиялық жағдайларын, елдің күрт континенттік климаты мен географиялық орналасуын ескере отырып гидрологиялық болжау жасау ерекшеліктерін талқылады. Сонымен қатар қонақтар су тасқынын болжаумен айналысатын Қазгидрометтің өндірістік бөлімшелерінің жұмысымен танысты.
Нидерландтық сарапшылар Жайық өзенін мысалға ала отырып, су тасқынын болжауда қолданылатын тәсілдер мен әдістерді зерттеді. Әрбір болжамға белгілі бір қателіктердің тән екендігі, алайда Қазгидрометте қолданылатын әдістердің бүкіл әлемде қолданылатын әдістерден өзгеше еместігі атап өтілді.
Кездесудің қорытындысы бойынша гидрологиялық болжауға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарды одан әрі бірлесіп талқылау үшін Нидерландтық сарапшылардың Қазгидрометке қайта келуі жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.